• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 05:53:49
Алматы
+35°

Қазіргі дамушы мемлекетімізде білім қоғамның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, қоғамымыздың қауіпсіздігінің белгісі. Сондықтан негізгі мақсат - жеке тұлға мен қоғамның қажеттілігін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру. Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Оқушыларға нені үйрету керектігін мемлекеттік стандарттар, бағдарламалар белгілейді. Ал әрі қарай білімді қалай беретіндігі мұғалімнің кәсіби даярлығына, шеберлігіне байланысты. Ж.Аймауытовтың «Сабақ беру-үйреншікті, жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» - деген тағы бір сөзін келтіре отырып, қазіргі мұғалім бейнесін бедерлей түсетін ұстаз шығармашылығына тоқталсам деймін.

Әр оқушының бойындағы бар шығармашылық көздерін ашу, жаңалыққа деген ұмтылыстарына дем беріп отыру арқылы біз өзіміздің қоғамдағы негізгі міндетіміз - адамзат баласын жаңа сапаға көтеруді табысты шеше аламыз. Психологтың баланы түсінуі – оның позициясында болуы, сезімдерін бағалап, әрекетін, ісін елеулі түрде қабылдау, ілтипат көрсету. Баланың көңіл құбылысын, жүрек тебіренісін, сезімі мен талпынысын түсінген педагог-психолог баянды тәрбиеге ие болып, білімді жетістікке қол жеткізеді. Оқытуды оқушылардың ішкі күштері мен потенциалдық мүмкіндіктерін жандандыратындай, олардың дамуын жеделдететіндей етіп ұйымдастыру үшін психологиялық білім қажет.

Кәсіби іс-әрекет арнайы білімді талап етеді, яғни сол кәсіпке байланысты қызмет атқаруға қажетті арнайы білім, білік, дағдылар жүйесін меңгеру. Өзін-өзі кәсіби анықтау деген – кәсіби әрекетіндегі тұлғаның дамушылық процесі және өзінің қабілетін, тұлға-психологиялық мүмкіншілігін жүзеге асыру. Ол бір кезеңде болмайды, толық белсенді жұмыс іс-әрекетінде атқарылады. Осы жолда мақсат пен міндеттер қалыптасады. Өзін-өзі кәсіби бекіту – кәсібилік қабілеті, кәсібилік мотивация, кәсібилік өзіндік санасы, мінезінің қасиеті. Ол кезде тұлға әрекетінің стилі қалыптасады, тұлғаның кәсібилігі қалыптасады.

- Мектеп педагог-психологының қызметтік міндеттері:
жалпы білім беретін орта мектептердегі оқытудың барлық кезеңдерінде балаларға қажетті жағдайларды жеке көмек беру үшін педагогикалық-психологиялық зерттеуді жүзеге асыру;

- психологиялық ғылымның жетістіктерін негізге ала отырып, мектеп оқушыларының әркелкі жас кезеңінде жан-жақты, тұлғалық, интеллектілі дамуын қамтуға ықпал етеді;

- мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің сұраныстары бойынша оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен психологиялық сақтандыру, диагностикалық, түзету және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді, мектеп оқушыларының интеллектуалды, тұлғалық, эмоциялық және ерік-жігер ерекшеліктерін, олардың қызығушылықтары мен қабілеттерін зерттейді;

- оқуға психологиялық дайындық жеткіліксіздігін ерте анықтауды мақсат ете отырып, бірінші сыныпқа бала қабылдауға қатысады;

- педагогикалық кеңестің әдістемелік бірлестіктердің, сыныптардағы, сондай-ақ мектептегі ата-аналар жиналыстарына қатысады, оқушыларға ықпал етіп, жеке көмек көрсетуге байланысты негізгі проблемаларды шешуге арналған педагогикалық консилиумдар мен педагогикалық кеңестерге қажетті ақпараттар дайындайды;

- мектептегі психология бөлмесін құруды және қажетті құжаттарды сақтауды, оларды дұрыс пайдалануды қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алады;

- мектептегі писхологиялық қызметтің психологиялық-педагогикалық жұмыстарының нәтижесі мен есебінің ғылыми-әдістемелік орталықтар тағайындаған талаптарына сай болуын қатаң түрде жүзеге асырады.

Мемлекетімізде осындай білікті де білгір, нағыз кәсіби мамандарды даярлайтын жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің деканы профессор А.Р. Масалимованың басқаруымен факультетімізде адамның күрделі де қызықты, шытырманы мол рухани жан дүниесіне үңіліп, студенттерге бағыт-бағдар беріп, оның позициясында болатын, сезімдерін бағалайтын, кәсіби деңгейі, интеллектуалдық, шығармашылық деңгейі жоғары мамандар дайындалуда. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, профессор З.Б. Мадалиеваның басшылығымен кафедрада Отандық психология ғылымын дамытуда үлкен еңбек етіп жүрген, арнаулы мектебі бар ірі ғалымдар, жоғары білімді, білікті профессор-оқытушылар қызмет атқарады. Сонымен қатар бакалавриат, магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша білікті психолог мамандар дайындалады.

Оқуды бітіргеннен кейін психология бөлімінің түлектері келесідей салаларда: жоғары және орта оқу орындарында психология пәнінің оқытушысы; ғылыми қызметкер; фирмалар мен банктерде психолог-кеңесші; практик психолог; денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде, отбасы қызметтерінде және әлеуметтік салаларда практик-психолог болып қызмет ете алады. Біздің түлектерімізге жұмыс орындарынан сұраныс өте жоғары.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей психолог маманы орта білім беру мекемелерінде қызмет атқарады. Психологтың мақсаты - оқу барысында туындайтын қиындықтармен олардың психологиялық себептерін анықтау, оңтайлы қарым-қатынас ұстанымдарын қалыптастыру, ата-ана, мұғалім, басқа да қызметкерлерге психологиялық қызмет көрсету, оқушылардың мамандыққа қабілеттілігін анықтау мектеп психологының тікелей міндеттері. Яғни оқушының мамандықты таңдау барысында өзіндік үлесін қосып, дұрыс бағыт – бағдар бере алады. Себебі кәсіби іс-әрекет – қазіргі жас ұрпақ үшін өте маңызды.

 

С.Н.Жұбаназарова,
психология ғылымдарының кандидаты,
профессор

әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университеті
Философия және саясаттану факультеті

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қазақстан мектеп

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір