Қытай билігі АҚШ президенті Трампқа қатаң ескерту жасады. Ескертуге Вашингтонның жаңа ядролық сынақты жоспарлауы себеп болған. Бұл туралы Қамшы тілшісі англиялық The Express басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың осы ғасырда бірінші рет ядролық сынақтарды қайта бастауды қарастыруына Бейжің «қатты алаңдаушылық білдіретінін» мәлімдеген.
Вашингтон 1992 жылы ядролық сынақтарды тоқтатқан. Дегенмен Атлант мұхитынан жеткен ақпараттар "Қытай мен Ресейге қысым жасау мақсатында Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғалары ядролық бағдарлама идеясын алға тартты" деген болжамды растайды.
Қытай СІМ-нің өкілі Хуа Чуньиннің айтуынша, Бейжің ядролық сынақтарды қайта бастау туралы АҚШ президентінің әкімшілігіндегі ішкі талқылауға қатты алаңдаулы. Хуа Чуньин 1996 жылы қол қойылған көпжақты келісім – Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (CTBT) сілтеме жасап, АҚШ-ты «ядролық қарусыздануға» қарсы және «жаһандық стратегиялық тұрақтылықты бұзып» жұмыс істегенін мәлімдеді.
Трамп ядролық сынақтар туралы ашық айтпаған, дегенмен өткен айда Ақ үйден алғаш рет ядролық сынақтар туралы хабарламалар шыққан.
Ал, осы мамыр айында АҚШ Қорғаныс министрлігінен Дрю Уолтер болашақ ядролық бағдарлама туралы тақырыпты тағы көтерген.
АҚШ ядролық мәселелер жөніндегі қорғаныс хатшысының орынбасары міндетін атқарушы Дрю Уолтердің айтуынша, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық агенттіктің бұрынғы басшылары ядролық сынақтарды тезірек өткізуді талқылаған.
Пікір қалдыру