• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:49:20
Алматы
+35°

10 Маусым, 2020 Барлық аймақтар

Дәулеткерей Кәпұлы

"Әлем елдері бұл күнде шыбындай жанның есендігі үшін барын салып арпалысып жатыр. Қытайдан бас алған «аты жаман» індеттің әлемнің әр тұрғынын ұйқы-күлкіден айырып, алаңдаулы күйге түсірер деп бес-алты ай бұрын ешкім де ойлаған жоқ. Қазақ баласы «көппен көрген ұлы той» дегенді көбінде жақсылыққа жори айтатын. Өкінішке қарай көппен бірге көрер қиыншылық біздің де елдің басына түскен сын сағатта Ел Президенті мен Үкімет мүшелерінің ұйқы-күлкі көрмей жұртымыздың бас амандығына жасап жатқан қимыл-әрекеттері жүрегіміздегі үміт шоғын үрлей түскеніне қуандық! Әрине, ел басшылары мен қайраткер тұлғалардың тынымсыз әрекеті мен қоса жалпыхалықтың ынтымаққа ымыраласып, жұдырықтай жұмылғаны қажет!

Ақпараттық кеңістіктің тым еркіндігі де «қорыққанға қос көрінетін»  уақытта халықтың үрейін ұшыруға бейіл-ақ. Тәртіптің темірдей қаттылыққа көшкеніне мойынұсынып, берекенің келекеге айналмауын әр қазақстандық азамат білуге және сақтауға тиісті екенін, өз денсаулығымен қатар Ұлт қауіпсіздігінің кепілі боларын білген жөн. Тағдырдың талай ащы дәмін татқан, басынан өткерген аты жаман оба мен тырысқақты да жеңіп, аштық пен қастықты да көрген Алаш баласы бұл бұлағай күндерді де артқа тастайтынына көңіл сенер.

Тұңғыш Президент – Елбасы да ел-жұртты берекеге шақырып, ұлтым дейтін Азаматтарға тастап жатқан жауапты да сауапты үндеуі – көшелі Ұлт көсемінің көргенді де көреген саясаткерлігі! Осы ретте бір адамның жауапкершілігін атам қазақ «жалғыз қурай – жел жарар» деп бейнелеп айтқан екен. Мамыражай күнде май кекіріп отырып тойлар той-томалақты да доғара тұруға сабыр-шыдамымыз жететін ел емес пе едік?! Карантин режимін сәл босаңсытқанға жапатармағай ашық-шашықтыққа көшуге әлі ерте екенін ескерткен Ел үкіметінің сөзін құлаққа неге ілмейміз?!

«Қорыққанға қос көрінетін» уақытта бәзбіреулердің «көршінің өртенген шөбіне бас, сирақ үйтіп» алғысы келетін пасық пиғылына ере кетуге жол бермесек екен. Алаңға шығып, аттан салып айғайлағаннан ұлттың түгенделер ұпайын көріп тұрған жоқпын. Қысылтаяң шақта құлақ сарсытар қаңқу сөзге ере кету – өркениетті қоғам өкілінің тірлігі емес екенін түсінер өреміз қайда?!

«Ел бүлініп, Ертіс бұзылған жоқ»! Мән-мағынасыз «бейбіт шерулетіп», дәл осы тұста айғайға сүрен қосып, айтаққа үре жөнелердей еш негіз жоқ секілді. Сол «алаң аңсаған» ағайындардың мына пандемиялық жағдайда жалпы көптің денсаулығына кепілдік бере алмайтыны бес енеден белгілі. Тым болмағанда атың өшкір індеттің ауыздықталуына әрқайсымыздың жауапкершілікпен қарауға сана-сезіміміз жетпесе сол, Елдігімізге үлкен сын! Тіпті, әлемді әбігерге түсірген жұқпалы дертке қоғам арасында әлі күнге сенбейтіндердің қарасы көбейгені жаныңды қынжылтатыны рас. Дүние жүзін алаңдатқан, шаруасын шатқаяқтатқан пандемиядан саяси астар іздеудің көкірек көзі ашық қазақ баласына ұяттылау да тірлік екені жаныңды ауыртады. Мемлекеттік шекараң шегенделіп, көк аспанда қыран қанатты байрағың желбіреп тұрғанда қара аспанды төндіру, жаңбыр жаумай су болу – қаншалықты ақылға сыйымды?! 

Кейде «ат шапқанға ит шапқан» тірлікті доғара алмай қалатын елміз бе деймін. Ынтымақты ыдырамай тұрып ойлаған ата-баба ұрпағы емес пе едік, самаурын тасығанын Самарқанды су алды деп еститін енжар құлақтық дәл біздің ұлт өкілдеріне жараспас?! «Қорыққан бойға құт» деген атам қазақ! Берекенің бұзылуынан қорқайық, жаман індеттің ел ішіне кең жайылуынан қорқайық!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы салқынқанды саясаткер ретінде алыс-жақын елдердің пандемиялық апатпен күресудің озық тәжірибелеріне сүйене отырып, елдегі жағдайды барынша халқымызға тиімді жақта қарастырып, тиісті тапсырмалар мен шектеулерді қолға алғаны көкейге қонымды іс болды. Енді осы нақты шаралардың оң нәтижелерін көруіміз үшін жұдырықтай жұмылғанымыз абзал болар.  Саналы халық өкілі ретінде әр отандастың азаматтығы мен ары сынға түскен шақта тағы да «малың менен жаныңды садаға деп, ардың туын көтерген» Алаш баласының берекеге ұйып, тәртіпке бағынып, кесапаттың  қақпан тілін баспайтындығына сеніп, жамандықты амандық жеңетінін жарқын күндерге бірге жетейік, Түндеріңіз тыныш, күндеріңіз мамыражай болсын, Алаш баласы!"                                       

Дәулеткерей Кәпұлы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Президент әлем ел

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір