Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов хабарлады.
Маңғыстау облысында жаз мезгілінде ауыз судың көлемі тәулігіне 150 000 текше метрді, ал ауыз су тапшылығы 37 000 текше метрді құрайды. Шахардың дамуына қарай соңғы 5 жылдықта халықтың саны тез өсіп, 280-нен астам көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Айта кетсек, 2015 жылы жаз айында ауыз суды тұтыну көлемі 27 000 текше метр болса, бүгінгі күні – 42 000 текше метрді қамтиды. Десе де, қазіргі уақытта ауыз суға деген қажеттілік 45 000-46 000 текше метрге жетіп отыр. Мұндай жағдай әсіресе Мұнайлы ауданы мен Ақшұқыр және С. Шапағатов ауылдарында орын алып отыр.
-«Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ауыз судың тапшылығы жөнінде тұрғындардан көптеген наразылықтар түсуде. Әсіресе бұлар жаз айларында орын алады, себебі ауыз суды пайдалану көлемі едәуір өседі. Біз оның барлығын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта Мұнайлы және Ақшұқыр, С. Шапағатов ауылдарына ауыз су беру кестесі 2-3 сағаттық режимге ауыстырылды. Аталған жұмыстардың барлығына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Жаз айларынан кейін, бұл мәселе қалпына келеді»,- деді МО әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов.
Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуаты 40 мың текше метрге артпақ. Жобаның жалпы құны – 10,5 млрд.теңге. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50,0 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асырылады. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып, мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізіледі. Нәтижесінде, Жаңаөзен қаласының тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жұмыстарды «ҚазМұнайгаз» АҚ жүзеге асырып жатыр.«Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17,0 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасына келер болсақ, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі 2021 жылдың 1 жартыжылдығына белгіленген. Нәтижесінде, «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су ағызғысынан босатылған тәулігіне 17,0 мың текше метр суды облыс тұрғындарына жіберу мүмкіндігі пайда болады. Қарақия ауданының Құрық ауылында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асыру бойынша: Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Инвестормен келіссөздер жүргізілуде.
Пікір қалдыру