• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 23:38:30
Алматы
+12°

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанат Саринова қаладағы ауруханалар "науқастарды қабылдамай жатыр" деп шағынды. Ол 19 маусым күні күндіз анасы  Гүлбақыт Маймақова кенеттен сырқаттанып қалған соң жедел жәрдем шақырған. Бірақ жедел жәрдем жеткізген науқасты аурухана қабылдамай қойыпты. 

Жанат Саринованың айтуынша, жедел-жәрдем науқастанған анасын Ақтөбедегі Темір жол ауруханасына (ТЖ) алып барады. Алайда аурухана тек рентгенге түсуге рұқсат берген. Рентген нәтижесіне сай анасына "екіжақты пневмония" деген диагноз қойылған.  

Анасына нақты диагноз қойылса да, емхана меңгерушісі Айман Мұхалжарқызы ауруханада шұғыл түрде түскен ауруларды Ақтөбе медицина орталығы (АМО) қабылдайтынын айтқан. Меңгеруші емханада дәрігер мен орын жоқтығын алға тартып, науқасты қабылдаудан бас тартқан. Амалы таусылған Жанат анасын ертіп АМО-ға барады. Ол жердегілер қайтадан "Темір жол ауруханасына барыңыз" депті. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 

Здравствуйте опубликуйте пожалуйста маме плохо не принимают нигде.

Публикация от Пусть говорят /живу в сторис (@pga_alima)

– Мен анамды ертіп екі бірдей аурухананың арасында жүрдім. Темір жол ауруханасының 5-қабатына дейін көтерілдім. Бөлмелердің бәрінің бос емесін көрдім. Дәрігердің орынбасары бір тәулікте 205 науқастың екіжақты пневмониямен түскенін айтты. Екі медбике ғана ауыр науқастарға жасанды ауа беріп көмектесіп жүрді. Ал сонда кезекші дәрігерлер қайда? Анам қант диабетімен де ауыратын. Өзін нашар сезініп, дем ала алмай жатқанын көрген соң ғана медбикелер жасанды тыныс алу апаратымен көмектесті. Бірақ жағдайы нашарлап бара жатқан соң арбаға салып алып кетті. Содан соң ғана бір дәрігер қарапты. Пневмониямен ауырған адамды өкпесі бір сәтте-ақ қысып тастаса, өмірден өтіп кетуі мүмкін. Дәрігерлер неге жоқ? Оның үстіне, ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен, – дейді Жанат. 

Оның айтуынша, қазір анасының жағдайы жақсы, аурухана дәлізінде ем алып жатыр.

19 маусым күні Азаттық Радиосына сұхбат берген Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова облыста пневмания жұқтырғандар күрт өсіп, дәрігерлер жетпей жатқанын айтқан.

"Жағдай қиындап кеткендіктен Ақтөбедегі 3 стационар базасынан пульмонология бөлімін жасақтап, кереует санын 446-ға дейін көбейтуге мәжбүр болдық. Ақтөбеде пневмонияны емдейтін дәрігер жетіспей жатыр. Өткен түні 10 дәрігердің жұмысын 4 адам атқарды. Үш стационардағы қиын ахуалды көріп, жұмыс істеуден бас тартып жатқан дәрігерлер де бар. Осыған орай емханалардағы жоспарлы жұмысты толығымен тоқтатып, ондағы мамандарды пульмонология бөлімдеріне тарту туралы бұйрық шығардым" деді Есенаманова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, соңғы үш тәулікте Ақтөбе облысында жедел пневмониядан 8 адам қаза болған. 22 адам хал үстінде жатыр. Пневмония жұқтырғандардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Жағдайы күрт қиындаған 16 науқасты дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосуға мәжбүр болған.

Денсаулық сақтау министрлігнің соңғы мәліметіне сай, Ақтөбе облысында барлығы 853 адамнан коронавирус табылған. Олардың 588-інде ауру белгілері бар, ал 265 адамнан COVID-19 белгісі байқалмаған. 318 адам вирустан айығып шықты, бір адам қайтыс болған. 

 

Дайындаған: Құндызай Әмірбекқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір