• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:58:25
Алматы
+35°

Қазақстанда заң бойынша әйел мен ер адам 18 жастан асқаннан кейін ғана заңды некеге тұра алады. Десе де 18 жасқа толмастан шаңырақ көтеріп жатқандар баршылық. Солардың бірі – 16 жасында келін атанған Диана Рахматуллақызы. Ол бүгінде бір баланың анасы. Әлеуметтік желіде белсенді. Желі қолданушылары арасында "Кішкентай келін" атымен танымал. Көп-көрім оқырманы бар. Бойжеткендер арасында тұрмысқа кеш шығу белең алып жатқанда, ерте отау құрған келіншектің өз айтары бар.

Диана 2003 жылы Түркістан облысы Жетісай қаласы Атакент кентінде дүниеге келген. Тұрмысқа шыққанда жасы 16-да болған. Мектептің 10-сыныбын бітірген сәті. Бүгінде Атакенттегі Мақтаарал колледжінің 1-курсында оқиды.

– Біздің үйде барлығы ерте отбасылы болған, – деп бастады сөзін Диана. –Жалпы төрт ағайындымыз, 3 ұл, 1 қыз. Үлкен ағаларымның бірі 18 жасында, екінші ағам 16 жасында үйленген. Біз үшін бұл – қалыпты жағдай. Өзім Жетісайдың Атакент қалашығынанмын, күйеуім Жетісайдың өзінен, – деді ол.

Оның сөзінше, тұрмыс құруына бастапқыда анасы қарсы болған, ал әкесі керісінше қолдапты.

– Ерте тұрмыс құрғым келетіні туралы шешімімді үйдегілер жақсы қабылдады. Бастапқыда анам аздап қарсы болды. Ал әкем өзінің ақыл-кеңесін айтып, шешімімді қолдады. Тек сыныптастарым "кішкентайсың ғой әлі" деп таңғалған болатын. Күйеуімнің есімі – Нұрсұлтан, 2000 жылғы, жеке кәсіпкер. Жас аралығымыз небәрі 3 жас. Отау құрардан бұрын болашақ күйеуіммен екі жылдай араластым. Сөзіміз, әңгімеміз жарасқан соң ата-әжелері менің қолымды сұрап, үйге келіп жүрді. Мен де келісімімді бердім. Сөйтіп, 15 жасымда сырға салды. Тұрмысқа балалықпен шықтым деп ойламаймын. Себебі алдымда үлкен жауапкершіліктің тұрғанын білдім және түсіндім. Менің ойымша, ерте тұрмысқа шықсаң, барған жеріңе сіңісіп кету оңай болады. Тұрмысқа шықпай тұрып туған жеңгелерім ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйренгендіктен де болар жаңа отбасыға үйренуім қиынға соқпады, – дейді келіншек.

"Кішкентай келін" қазіргі қыздардың не себепті тұрмысқа шықпайтынын айтты. 

– Қазіргі уақытта қыздардың көпшілігі тұрмысқа кеш шығып жатады. Оның бірден-бір себебі – мансап қуып, қаржылық жағдайға немесе жігіттің түр-әлпетіне қарауы деп ойлаймын.  Сондай-ақ көбі үлкен өмірге қадам басудан қорқады. Жеңілтектік танытып, теріс жолда жүргендер де қаншама?! Мен алтындай уақыттарын босқа құртпай, ертерек отбасылы, бала-шағалы болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Мен үшін күйеуімнің жағдайы, түр-әлпеті маңызды болмады. Тек сыйластық пен оның маған деген сүйіспеншілігіне мән бердім. Міндетім – тек күйеуімді ғана емес, оның отбасын да бақытты қылу екенін жақсы түсінемін. Барған жеріме тастай батып, судай сіңіп, ата-анамды ешқашан ұятқа қалдырмауға тырысамын. Некемізді мешітте қидырдық, ал заң жүзінде некемізді қидыру үшін 18 жасқа толуым керек, – дейді ол.

Диананың әкесі қызына 13 жасынан бастап тамақ жасауды үйреткен

– Біздің әулет – өте үлкен. Бәріміз бір шаңырақтың астында, тату-тәтті тұрамыз. Мен –  әулеттің үлкен келінімін. Қазір ене мен келін қарым-қатынасына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатады. Өз басым осы уақытқа дейін енеммен сөзге келіп көрмеппін. Арамызда түсініспеушілік болған емес. Енемнің сөзіне құлақ асып, оның айтқанын екі етпей орындап, көңілінен шығуға тырысамын.

Қазіргі қыздардың көбісі бөлек шығуға құмар ғой. Алайда біз үлкен шаңырақта кем дегенде бір-екі жылдай бірге тұруды құп көреміз. Балаға қарасып, жас адамды тәрбиелеп, қадағалап, білмегенді үйрететін үлкен кісі әрдайым керек.

Менің келін болып түскеніме 1 жылдай болып қалды. Аллаға шүкір қазіргі таңда бір айлық Жібек есімді кішкентай балапанымыз бар. Балапанымыз дүниеге келгелі барлығы өзгерді. Өмірге басқаша қарай бастайды екенсің, бөбегің үшін бәрін істеуге дайын боласың. Маған "жастық шағыңда қыдырып, оқу оқып, құрдастарыңмен уақыт өткізбедің бе?" деп жатады. Мен бұған мүлдем келіспеймін. Ал қыдыру жағына қазірде еш шектеу жоқ. Тек кез келген дүние уақытылы, орнымен болуы керек, – деп сөзін сабақтады Диана.

Диана бастапқыда желі қолданушылары оған теріс пікір жазып, сынағанын айтты.

– Бастапқыда бәрі таңғалып, қызық көретін. Арада бір жыл уақыт өткенде үй іші, көрші қоланның көзі үйренді. Әлеуметтік желіде танымалдығым артқан сайын оқырман арасында "Неге сонша асықтың?", "Өмір көрмедің ғой", "Әлі жассың ғой" деп жиі пікір қалдырып жатады. Алғашында ондай сөздерді қабылдай алмай, көңіліме алатынмын. Ал қазір үйреніп кеттім. Кейінірек түсінікпен қарап, жекеге хат жазып, кешірім сұрағандар да болды – дейді келіншек. 

16 жастағы келін таңдауына еш өкінбейтінін айтты.

– Егер уақытты кері шегеріп, тағы да таңдау берілсе, таңдауымды өзгертпес едім. 16 жасымда бір отбасының ұйытқысы болып, бала-шағалы болуды тағы таңдар едім. Менің ойымша ерте ме, кеш пе кез келген қыз баласы келін болып, ана атануды армандайды. Жалпы қыздар қауымына айтарым, байлық, мансаптан гөрі отбасылы болуды бірінші орынға қойған абзал. Қыз баланың алғашқы миссиясы – отбасын құру. Ойдағы мақсатқа отбасымен бірге де жетуге болатынын ұмытпаған жөн. Үлгеретін қыз, бәріне де уақыт табады. Тұрмыс құрып оқу оқып та, баланы дүниеге әкеліп те үлгереді. Әрине мен тұрмысқа шықпай жүрген қыздарды "ерте күйеуге шығыңдар" деп үгіттемеймін. Тек қыздар қауымына болашақта бір әулеттің отанасы болудан, үлкен өмірге қадам жасаудан қорықпауға шақырамын, – деп сөзін түйіндеді "Кішкентай келін".

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір