• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:35:15
Алматы
+35°

Редакция ұжымы мен жалпақ жұртты алдап соққан әккі журналистер туралы естуіңіз бар ма? Олар тіпті жалған жазбалары үшін халықтың ықыласын да, атаулы сыйлық та алып үлгерген.

Журналист үнемі адамдармен байланыста болады. Бір қаладан екінші қалаға барып, ақпаратын алу үшін барын салады. Мұның бәрі не үшін дейсіз ғой? Шым-шытырық оқиғаға толы мақала жазып, онысы көптің көңілінен шықса – журналистің жетістігі. Бірақ әркез сәтті кадр, қызық оқиға, мейірбан кейіпкер табыла қоймайды. Дүрбелең деген оқиғаның өзінен түк таппауы мүмкін. "Ізденімпаз" журналиске бұл жағдай соққы болып тиеді. Сондайда ешкімге тәуелді болмай-ақ ойдан оқиға құрастырып алсам ғой деп ойлағандар бар ма екен? Әрине, журналистиканың әдебиеттен айырмашылығы – қиялға ерік бермей, нақты ақпарат жеткізуінде ғой. Алайда бұл ұстанымды ұмытып кеткен журналистер де бар екен.

Төменде өтірігі әшкереленген америкалық журналистер туралы ұсынылып отыр.

Пулитцер сыйлығын алған өтірікші журналист

1980 жыл. Вашингтон. "The Washington Post" газетінде есірткіге тәуелді 8 жасар афроамерикалық Джимми атты бала жайлы мақала жарияланады. Мақалада Джиммидің нашақор анасы кесірінен 5 жасынан бері есіртікі "дәмін татып" көргені баяндалады.

"Джимми әлеміндегі" оқиғалар ойдан шығарылса да шындыққа ұқсатып жазылған еді.

Бұл репортаждың авторы Джанет Кук атты тілші 1981 жылы журналистика бойынша Пулитцер сыйлығын алған. Алайда кейін сыйлығын қайтарып беруге тура келді.

Жас журналист бірнеше ай бойы Washington Post-қа мақала жазып жүреді. Бір күні Джанет Кук Америка халқының жүрегін елжірететін репортаж жазып шығады. Белсенділер автордан "Джимми әлеміндегі" мәселенің шешімін тауып, байғұс балаға көмектесу үшін толық ақпарат беруін сұрайды. Бірақ Кук заңды алға тартып, кейіпкердің мәліметтері жайлы жақ ашпайды.

1981 жылы Пулитцер комитеті журналисті марапаттауға шешім қабылдайды. "Оқиғаның желісі ұнағаны сонша, журналистика бойынша Пулитцер сыйлығы тұңғыш рет афроамерикалық журналиске берілген еді" деп еске алды бұрынғы әріптесі әрі сүйіктісі Майк Сэгер.

Дәл осы сыйлықты алған соң оның өтірігі ашылады. Туған жері – Огайо штатының Толедо қаласындағы журналистер Куктың түйіндемесі мен шынайы өмірбаянынан айырмашылықтар табады. Олар "Тағы өтірігі бар ма екен?" деген күдікпен Washington Post редакторына хабар береді. Редактор Кукқа тығырыққа тірейтін сұрақтар қойған соң, журналистің өтірігі ашыла бастайды. Кук түйіндемесіндегі ақпараттың ғана емес, Джимми жайлы көңіл толқытар оқиғаның да ойдан шығарғанын жайып салады. Соңында Пулитцер сыйлығын да қайтарып береді, Washington Post-тан да шығарылады.

Осы оқиғадан соң журналистерге берген сұхбатында Кук өтірік сөйлеуге бала күнінен еті үйренгенін айтады. Оның сөзінше, бұған себеп – отбасындағы өзіне артылған үміт, жүктелген міндет пен қоғам қысымы.

Журналистикадағы бұл жағдай Америка тілшілері үшін Вьетнам соғысы мен Уотергейт жанжалынан кейінгі үлкен соққы болды. Бұл оқиғаларда әскерилер мен биліктің өтірігі ашылған еді. Сол себепті халық алдында тілшілер мен редакторлардың мәртебесі көтерілген. Ал Куктың хикаясынан кейін халық "журналистердің де өтірікші биліктен айырмашылығы жоқ екен" деген ойға қалады. Оқырманның сеніміне қайта кіру үшін редакторлар тілшілер мен ақпаратты жіті қадағалауға бар күшін салды.

Стивен Гласс және оның "Хакер жұмағы"

"The New Republic" журналының авторы Стивен Гластың оқиғасы Джанет Куктікінен де асып түседі. Кук бар-жоғы бір репортажбен ұсталса, Гласс 1995-1998 жылдары 3 жыл бойы The New Republic-ті алдап соққан. Ол осы уақыт аралығында 31 мақаланы ойдан құрастырыпты. Зерттеу нәтижесінде оның 27-сінің мән-мағынасы болған екен. Өйткені өтіріктерінің өзі әуел бастан шынайы фактілерден құралған еді. Гласстың ойдан шығарған дүниесі аз болмады. Мүлде болмаған кездесуден де жалған мақала жазды. Өз даусын түрлендіріп аудиожазба да дайындады.

Ол жұмысында ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Әрдайым кофе ұсынып жүретін биязылығына бәрі тәнті болатын. Редакцияда күні-түні отыратын еңбекқорлығы да сүйсіндірмей қоймайтын.

Бір күні оның "Хакер жұмағы" очеркі аса танымал болды. 15 жастағы хакерді "Jukt Micronics" компаниясы жұмысқа қабылдайды. Бозбала сайтты бұзып алады да мол ақшаға қарық болады. Ең күлкілісі, әңгіме бозбаланың "Мен көп ақшаны қалаймын! Диснейлендке барғым келеді!" деген секілді ұранымен басталған.

Бұл оқиғада компания да, хакер де, сайт бұзушыларға қарсы ұйымдастырылған конференция да ойдан шығарылған еді.

Жаңадан қызметін бастаған бас редактор Лэйннің қайтпас мінезінің арқасында шындық ашылады. Ол сайт бұзушыларға қарсы конференция өткен қонақ үйге барады. Алайда дәл сол "конференция" өткен күні қонақ үй жұмыс істемеген. Лэйннің сұрақтарынан тығырыққа тірелген Гласс өтіріктерін мойындап, жұмыстан қуылады. Осылайша, журналистикадағы тағы бір жалған "шындық" тарих бетне жазылып қалды.

Джейсон Блэр. Журналист қалай лайф-коуч атанды?

2003 жылдың сәуір айында АҚШ-тың ең танымал газеттерінің бірі "The New York Times" масқара жағдайға ұшырады. Олардың афроамерикалық тілшісі Блэр жылдар бойы редакция ұжымын өз өтірігіне сендіріп келген.

Блэр оқиғасын баяндаудан еш қымсынбайтын. Оның айтуынша, 11 қыркүйектегі қос мұнараның жарылысы жалған сөйлеуіне себепші болған. Жарылыс болған күні оған Нью-Йорк тұрғындарының сол сәттегі сезімі жайлы материал дайындауды тапсырады. Алайда Блэр редакцияға ақпаратсыз қайтып келеді. Редактор плагиатты біліп қоярына сенімді болса да қулыққа көшеді. Associated Press-тен мақаланы рұқсатсыз көшіріп алып, өз атынан жариялайды. Бірақ бұны редактор да, өзге ешкім де байқамай қалған еді. Блэрдің өтірігі осылай басталады...

Блэрдің көптеген барымта жазбалары болды. Иракта тұтқында болған сарбаз Джессика Линчтің әкесімен өзі сөйлескендей сұхбат жазып шықты. Тіпті сұхбат алу үшін Джессика тұратын қалаға да бармаған еді. Жай ғана өзге басылымның мақаласын өзі жазғандай жариялай салады.

Шындықтың беті ашылған соң оның жүйке жүйесінде ауытқу бар екені белгілі болды. Бірақ ол ауруын мойындамай, бар кінәні әлсіз мінезіне арта салды.

Осы шудан соң Блэр "Сжигая дом моих учителей" атты кітап жазып шығады. Кітапта адамдарды қалай алдап соққаны, не себепті ол әрекетке барғаны туралы баяндайды. 10 жылдай уақыт өткен соң Блэр студенттермен кездесуде кітапты ерте шығарғанына өкінгенін жеткізді. Иә, иә, оның келесі қызметі лайф-коуч еді. Ол студенттер алдында құлдыраудан кейін жетістікке жету құпияларын бөлісетін дәрістер оқыды. 

Дайындаған: Құндызай Өтеген

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір