09 Шілде, 2020 NEWS
Фотоны түсірген автор
Наталья Жаринева ширек ғасырдан бері Алматыдағы Кеңсай-1 зиратында бейіттерге күтім жасаумен айналысады. Арам шөптерді жұлады, гүл егеді, мәрмәр тастардың, граниттің тазалығын қадағалайды. Мұнысы – бір жағынан ермек, екінші жағынан – күнкөріс қамы.
Наталья Васильевна бейіт басына гүл отырғызып жатыр
Наталья Васильевна 1959 жылы Алматыдағы Тастақ ықшамауданында туған. 1973 жылға дейін өзінің туған атасының басқа адам екенін, ұлтының татар екенін білмей келіпті.
– Отбасымыз қалай барғаны белгісіз, жас кезінде атам Қытайдағы азаматтық соғысқа қатысып, сол жақта қайтыс болыпты. Артында әйелі мен 4 жастағы баласы, інісі қалған. Ол кезде Қытайдан қайту қиын болған көрінеді. Қайтар кезінде үйленгендерге аса шүйлікпейді екен. Сондықтан кіші атамыз әжемізге үйленіп, ағасының баласын, яғни біздің әкемізді бауырына басыпты. Кейін дәм-тұздары жарасып, үй болып кеткен. Атамыз ұлын да, бізді де жанындай жақсы көрді. Алайда құпиялары туралы "ешкімге тіс жармаймыз" деп шешкен. Тек әжеміз дүниеден өтерде, 1973 жылы бар білгенін айтып кетті. Әкемнің шын аты Василий емес, Равил екен. Біз татар ұлтынан болып шықтық, – деген Наталья Жаринева отбасылық сырдың ертерек ашылмағанына өкінеді. Сол кездегі оқиғадан бар білері осы ғана.
Зират күтушісінің жастық шағы Алматы маңындағы Жалғамыс ауылында өткен. Әкесі қора-қопсы ұстағысы келгендіктен, ауылда тұруды жөн санапты. Мектепті, артынша қазіргі Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелері қиылысындағы медициналық училищені бітірген. Оқуды тәмәмдағанда Ресейдің Чита облысындағы әскери бөлімшеде жұмыс істеуге жолдама беріліпті. Алайда Алматыдан кеткісі келмей, осында қалып қойған. Келесі жолдама Түрксіб санаторийіне беріліп, ол жерде шипажай жабылғанға дейін медбике болып жұмыс істейді. Артынша №12 қалалық аурухананың травматология бөліміне ауысқан. Кейін екінші қызының сырқатына байланысты жұмысты қойып, үйде отыруына тура келген.
– Ұзақ жылдан бері осы Кеңсай жақта тұрып келеміз. Екі қызым бар. Тұңғышымыз қазір тұрмыста. Қазақ жігітке күйеуге тиген. Бізге екі немере сыйлады. Екінші қызым Регина 7 жасында тромбоцитопеникалық пурпура сырқатына шалдықты. Үйден өз бетінше шыға алмайды. Денесін жаралап алса, жараның жазылуы ұзаққа созылады. Мұрны жиі қанайды. Үйден басқа жерде мұрны қанаса, тоқтату қиын. Қызым үшін жұмысты тастадым. Қызым үйден шықпайды. Мектеп кезінде мұғалімдер үйге келіп оқытты. Өзі білімді. Түрлі курстар оқып, қаржы саласы бойынша маман атанды. Ағылшын тілін біледі. Тек үйден басқа жақта өзін жайлы сезінбейді. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Күйеуіміз екеумізде зейнетақы бар. 26 жылдан бері үйдің жанындағы зиратқа күтім жасап, қосымша тиын-тебен табам, – деп Наталья Жаринева бұл жұмысқа қалай келгенін, танымал адамдармен қалай танысқанын айтып берді.
Айтуынша, бірде зират маңында серуендеп жүргенінде белгісіз жігіт жақындап, жөн сұрасқан соң ара-тұра анасының бейітіне көз қырын салып, шөбін отап, күтім жасап тұруын өтінген. Онысы үшін ай сайын ақы төлеп тұратынын айтқан. Бұл 1996 жыл болатын. Ал жақындаған жігіт – белгілі кинорежиссер, қазақ деректі киносының негізін қалаушы, Қазақ КСР-ның халық артисі Ораз Әбішевтің ұлы Қанат Әбішев.
Ораз Әбішев пен Маруа Шынтасованың зираты
Содан бері Наталья Жаринева зиратқа күн сайын барады. Оны зират қызметкерлері түгел таниды. Бейіт басына жиі келетін алматылықтардың да оған көзі үйренген. Арасында белгілі адамдар да аз емес. Өзінің сөзінше, әнші Ермек Серкебаевпен көріскен сайын қалжыңдасып, жақсы қарым-қатынаста болған. "Ермек Серкебаев өте әзілқой жан еді" деп еске алады ол.
Сондай-ақ кейіпкеріміз академик, тағамтанушы Төрегелді Шармановпен де жақын араласады.
Наталья Жаринева 2005 жылы Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен танысқан. Ол батырдың зайыбы Лира Нұрмағамбетованың зиратын да қайтыс болған кезінен бері өз күтіміне алған. Былтыр ғана батырдың немересі жастай дүниеден өтіпті. Ол да осы жерде жерленген.
Сағадат Нұрмағамбетов пен Лира Нұрмағамбетованың зираты
Наталья Жаринева Сағадат Нұрмағамбетов атағы мен даңқына қарамастан өте қарапайым, көңілі кіршіксіз таза, кез келген адаммен жақынындай сөйлесетін кішіпейіл болғанын айтады. Халық қаһарманы марқұм әйелінің басына әр жұма сайын келіп тұруға тырысыпты.
Күтуші "Сағадат Нұрмағамбетов пен Лира Нұрмағамбетованікі секілді, Ораз Әбішев пен Маруа Шынтасовалардікіндей махаббат қазір жоқ" деп санайды. Ол "бұрынғы кезде бірін-бірі шынайы сүйетін, біріне-бірі адал жұптар көп болған" деген пікірде.
Наталья Жаринева марқұмдар кісілігі мол адам болғанын, тіршілікте жақсы сыйласқандықтан олардың зиратына бар пейілімен күтім жасайтынын жеткізді. Өзінің сөзінше, Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы мен Ораз Әбішевтің ұлы күтуші қызметіне дән риза. Болашақта да қызметін пайдалана беруге ниетті.
Зират тазалықшысы Кеңсай-1 бейітінде алдын ала алынып қойылған жер болмаса, бос орын жоқ екенін, сондықтан мұнда жерлеу рәсімінің жиі болмайтынын, дүниеден қайтқандар Кеңсай-2 зиратының қойнына тапсырылатынын айтты. Зират әкімшілігіндегілер қабір қазушы, тас қалаушы секілді қызметкерлерімен сұхбаттасуға рұхсат бермеді. "Басшылық рұхсат бермесе, сұхбат бере алмаймыз. Басымыз екеу емес" деген Кеңсай-2 зиратындағы қабір қазушылар тек соңғы уақытта қайтыс болғандардың көбейгенін, кейде тіпті жерлеу рәсімінің қас қарайғанша жалғасатынын жеткізді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір