09 Шілде, 2020 NEWS
AP
АҚШ әскери-теңіз күштері 2014 жылдан бері алғаш рет Оңтүстік Қытай теңізіне соғыс ұшақтарын тасымалдаушы екі топты жіберді. Бұл туралы Қамшы тілшісі Нью-Йорк Таймс басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым Вашингтонның бұл әрекеті Бейжің әскери күштерінің даулы аймақта жаттығу өткізуіне жауап ретінде болғанын жазды.
– Еркін және ашық Үнді-Тынық мұхиты аймағын қолдау үшін "USS Nimitz" және "USS Ronald Reygan" соғыс ұшақтарын таситын әскери кемелер Оңтүстік Қытай теңізінде қосарлы тасымалдаушы операциялар мен жаттығулар өткізді,– деп хабарлаған АҚШ әскери-теңіз күштері.
Ал, Қытайдың Азаттық армиясы даулы Паракель аралдарында бес күндік жаттығу өткізуде. Вьетнам мен Филиппин жаттығуға наразылық білдірген.
Пентагон Бейжіңнің әскери жаттығулары көрші елдермен келісім бойынша Қытай міндеттемелерін бұзғанын айтып, Бейжіңді "Оңтүстік Қытай теңізіндегі жағдайды одан әрі нашарлатты" деп айыптаған.
Қытай мен АҚШ қарулы күштерінің стратегиялық суларда өткізген бір уақыттағы жаттығулары соңғы кездегі бірнеше операциялардың ең маңыздысы болып есептеледі, өйткені бұл оқиға "екі державаның Азия-Тынық мұхитына үстемдік алу үшін күресуі" деп қаралуда.
Вьетнам мен Малайзияның балық аулау және мұнай іздеу кемелеріне Қытай әскери күштері қауіп төндіргеннен кейін АҚШ сәуір айында Оңтүстік Қытай теңізіне бірнеше рет соғыс кемелерін жіберген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір