• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:54:35
Алматы
+35°

Ел арасында жыланнан, өрмекшіден және биіктіктен қорқатындар жиі кездеседі. Психолог Фархат Ғамзатов Қамшы тілшісіне берген сұхбатында мұндай фобиялардың көпшілігінен құтылуға мүмкіндік беретін тиімді емдеу әдістері туралы айтып берді.

 

– Фобия неден пайда болады? 

– Біз фобияның нақты пайда болу себебін білмейміз, тек болжай аламыз. Әдетте, фобия бала кезден басталады да, адам көбінесе сәби кезіндегі оқиғаларды еске түсіре бермейді. Егер қорқынышты оқиға 3 жасқа дейін болса, бұл кезде баланың жады әлі толық қалыптасып үлгермейді. Ал, егер 4-5 жас (бұл жаста көбінесе жануарлардан фобия болады) аралығында қорықса, баланың психикасы көбінесе бұл оқиғаны «өшіріп» тастайды. Дегенмен фобия өте сәтті емделеді.

– Фобияны емдеуде психиатрға немесе психологқа жүгініп жатады. Бұл мамандар емді қалай жүргізеді?

– Психиатр дәрі-дәрмектерді тағайындайды, психолог емделушінің санасын және мінез-құлқын өзгерту үшін жұмыс істейді. Психотерапияда қорқыныштың неден пайда болғанын білу – маңызды. Мысалы, арахнофобия (өрмекшілерден қорқу) кезінде «өрмекші тістеп алса мен ауырып қаламын немесе өлемін», «қорқыныштан инфаркт ұстап қалады немесе инсульт аламын» дегендей ойлар тууы мүмкін. Фармакотерапияда мұндай айырмашылықтар маңызды емес.

– Фобиямен күресудің тиімді жолдары қандай?

– Емнің ең тиімді тәсілі – мінез-құлық терапиясы, атап айтқанда, экспозиция. Бұл әдіс бойынша, алдымен емделушімен бірге неден «қорқатынымыздың» тізімін жасаймыз. Ең қарапайымнан күрделіге қарай біртіндеп өтеміз. Одан кейін үрей, қорқыныш, жеккөрушілік басылғанға дейін оны күтеміз. Қорқынышты нысанның зеріктіре бастауы – біздің оны жеңгенімізді білдіреді. Мысалы, арахнофобия жағдайында өрмекшінің 3D фотосуреттерін көрсетуден бастаймыз. Содан кейін оны бейнежазбадан қараймыз, сосын өрмекшіні тірідей көреміз. Соңында өрмекшіні қолымызға аламыз.

– Акрофобиясы барлар, яғни, биіктіктен қорқатындар қалай емделеді?

– Мұны да жоғарыдағы принцип бойынша емдейміз. Кейіпкері жартастың шетінде тұрған фильмдерден үзінді тамашалаудан бастаймыз. Жабық терезеден, ашық терезеден, балконнан, кейін шатырға шығып төменге қараймыз. Әрине, біз ешқандай қауіпті әрекеттерге бармаймыз. Емделуші мұны күн сайын өз бетінше жасағаны маңызды.

– Сіздің қызметіңізге кімдер көбірек жүгінеді?

– Әйел адамдар жиірек келеді. Кейбір адамдарда фобия жасөспірім кезінде өтіп кетсе, кейбірінде өмір бойына қалады.

– Фобияны қанша сеанстан кейін жеңуге болады?

– Жағдайдың ауырлығына және емделушінің мәселені шешу ниетіне байланысты ем 5-тен 15 сеансқа дейін созылуы мүмкін. Егер емделушінің мотивациясы күшті, жүйке жүйесі одан да мықтырақ болса, онда фобияны бір сеанстан кейін-ақ жеңуге әбден болады. 

Фобиядан өз бетінше арылуға бола ма?

– Шынымды айтсам, мұндай адамдарды әлі кездестірмедім. Ғаламторда көптеген ақпарат бар. Оның пайдалысы да, пайдасызы да жетерлік. Қажетті мәліметтерді табу үшін қанша уақыт өтетіні белгісіз. Екінші жағынан, адам өзін нашар сезінгенде, жағдайын объективті талдау қиынға соғады. Бұл жағдайда міндетті түрде маманның кеңесі қажет. Егер адам өзін жақсы сезініп тұрса, онда оған фобия қиындық тудырмайтыны анық. Дегенмен теорияда, жекелеген жағдайларда, тәуелсіз терапияның мүмкін екеніне сенемін. 

Таңшолпан Ғазизқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ФОБИЯ ҚОРҚЫНЫШ ҮРЕЙ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір