• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 11:48:17
Алматы
+35°

Ұлыбританиялық Daily Mail басылымы "Қытай және Ұлыбритания денсаулық сақтау мамандары Қазақстанда таралып жатқан белгісіз пневмонияның іс жүзінде COVID-19 екенін айтты" деген ақпарат таратты. Бұл туралы Қамшы тілшісі хабарлайды.

Әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдары "Қазақстанда өлім мөлшері коронавирустан да жоғары белгісіз пневмания пайда болды" деп жарыса ақпарат жариялағаннан кейін, Лондонда шығатын Daily Mail басылымы қытайлық және ұлыбританиялық медицина мамандарынан сұхбат алған. 

– Бүгін кеште Бейжіңдегі Қытайдың бас эпидемиологы У Цзюню Қазақстанда таралған "белгісіз пневмония" эпидемиологиялық тұрғыдан COVID-19 деп санайтынын жеткізді, – деп хабарлады Daily Mail.

Бас эпидемиолог Қазақстан туралы жаңалықтарды байқағанын және интернеттен тиісті ақпараттарды оқығанын айтқан.

Ол сонымен бірге Қазақстандағы "белгісіз пневмониядан" болған өлім-жітім деңгейі COVID-19-ға ұқсас екенін жеткізген.

Ұлыбританиялық мамандар да Қазақстандағы жағдайлардың анықталмаған COVID-19 инфекциясы деп сенетінін жариялаған. Уорвик университетінің вирусологы және онкологы профессор Лоуренс Янг MailOnline-ға сұхбат беріп, өлімге әкелетін "белгісіз пневмонияның" COVID-19-ға қатысы жоқтығына сену қиын екенін мәлімдеген.

Бұған дейін қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" деп санайтынын айтқан.

Жұма күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы "белгісіз пневмонияны" іс жүзінде анықталмаған COVID-19 деп мәлімдеген

Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой керісінше "2020 жылы пневмониядан 1172 адам қайтыс болды" деп мәлімдеген. Алексей Цой келтірген дерекке сай, пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен бес есеге көп, себебі ресми статистика бойынша қазірге дейін Қазақстанда COVID-19-дан көз жұмғандар саны 264.

Оған қоса, 3 шілде күні ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алғашқы алты айында 1772 адамның, маусымда 628 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан. Бұл есеп бойынша, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есе көп.

Осы деректерге байланысты, яғни ресми статистикалар бойынша, пневмония өлім-жітім мөлшері COVID-19-дан көз жұмғандардан бес есе, тіпті, жеті есеге дейін көп болуына байланысты шетелдік ірі БАҚ-тар "Қазақстанда өлім мөлшері коронавирустан да жоғары, қауіпті вирус тарап жатыр" деген ақпаратты жарыса таратты. Тіпті, кейбір елдер азаматтарына Қазақстаннан абайлау туралы ескертулер жасаған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір