Белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің facebook-тағы парақшасында ауруханада жұмыс істеп жүрген волонтерлердің денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жолдаған бейнеүндеуін жариялады.

"Науқастарға жақындары әкелген заттарды жеткізумен айналысамыз" деген еріктілер ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгені туралы дерек жалған екенін, оған өздері күнбе-күн куә болып жүргенін, оны айғақтайтын видеоматериалдың жеткілікті екенін жеткізді.

Олар министрден "қажетті жағдай жасалып жатыр" деп айтпауын өтінді. Сөздерінше, өзге елдерден келіп жатқан гуманитарлық көмек ауруханаларға жетіп жатқан жоқ.

Еріктілер министр жақын арада тиісті шара қабылдамаса, бөлімдегі жағдай туралы видеоны желіге жүктейтінін айтты. Олар стационарларда қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті болғанда, дәріханаларда ұзын-сонар кезек болмас еді деп санайды.

– Кезекте тұрғандар індет жұқтырып жатыр. Жүйкелері тозған. Халық дәрі іздеп қалада сабылып жүр. Сұраныстың көптігінен бұрын 300 теңге тұрған таблеткалар қазір 25 мың теңгеге шарықтап кетті. Шара қолданыңыз, қолдана алмайсыз ба, онда орныңызға мәселені шешетін басқа адам келсін. Халықты мазақ еткенді доғарыңыз, – деді еріктінің бірі.

Келесі волонтер елдегі осы жағдайды пайдаланатын алып-сатарлар байып қалуды көздеп отырғанын айтты. Ол мұндаймен айналысып жүрген адамдарды тізімдеп, әрқайсысын көрсету керек деген пікірде.

– Бүгін ғана Мәскеуден гуманитарлық көмек келгенін көріп отырмыз. Біз осы дәрілердің ауруханаға, науқастарға жетуін қадағалаймыз. Әр палатаны аралап, видеорепортаж түсіреміз. Егер азаматтарымыз дәрі тапшылығынан ажал құшатын болса, орындарыңызды босатыңыздар! Біз қазақстандықтардың қырылғанына жол бермейміз. Олардың ақшасы, жұмысы, енді міне, денсаулығы да жоқ. Осы күйге  қалай түстік... Халық қырылып жатқанда, мыңдаған шаршы метрлік ресторандардың керегі қанша? Ертең адамдар қайтыс болса, ол ресторанға кім барады? Басқа планетадан әкелесіздер ме?! Дереу шара қолданыңыздар. Стационарларды қарапайым қажеттіліктермен, сумен, қымызбен, нәрлі тамақпен қамтамасыз етіңіздер. Бұл сондай қиын ба? Біз жылдар бойы ешнәрсе сұрамай келдік. Енді науқастарды, медицина мамандарын қолдауды сұрап тұрмыз, –  деді келесі ерікті.

"Бұл – геноцид. Біз барша Қазақстан халқы геноцидке қарсымыз" деген еріктілер денсаулық сақтау министрлігі жылдар бойы медбикелер шағымдана алмайтындай жүйе құрып келгенін жеткізді.

– Шұғыл шара қабылдаңыз! Қабылдамасаңыз, біз қолда бар барлық видеоны жариялаймыз. Бұл – "бомба" болады. Медбикелерді мазақ ету доғарылсын!, – деді еріктілер видео соңында.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір