11 Шілде, 2020 NEWS
Тоқаевтың назарына: Қазақстандағы пневмония коронавирус деп танылсын!
Қамшы порталы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ), Қазақстан және шетел ғалымдарының мәлімдемелерін негізге алып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды Қазақстандағы пневмонияны короновирус деп тануға шақырады.
Көрнекі сурет
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі өкпесі қабынып ауырып жатқан науқастарды коронавирус емес, пневмония деуден танбай отыр. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қазақстан және шетел ғалымдары елде жаппай таралып жатқан пневмония дертінің іс жүзінде коронавирус екенін мәлімдеді.
Қазақстанда соңғы ресми дерекке сай, 56 455 адамнан COVID-19 анықталған. Оның ішінде 32 500 науқас аурудан айығып шықса, 264 адам індеттен көз жұмған. Бұл коронавирус пандемиясы енді басталған шақта денсаулық сақтау министрлігі болжаған межеден 16 есеге көп.
Ал елде пневмониядан көз жұмғандардың саны жарияланбады. Денсаулық сақтау министрі "нақты деректі хабарлаймыз" дегенімен, ақпарат әлі шыққан жоқ. Тек жыл басынан бері 6 айда аталған сырқаттан мерт болғандар статистикасы айтылды. Алайда оның өзі ала-құла. Мәселен, 3 шілдеде Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елде соңғы жарты жылда пневмониядан 1 772 адам ажал құшқанын мәлімдеген. Ал денсаулық сақтау министр Алексей Цой 9 шілдеде өткен брифингте соңғы алты айда 1 172 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан.
Бас санитар Айжан Есмағамбетованың дерегінше, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есеге, министр мәліметі бойынша пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен 5 есеге артық.
Бұл мәлімдемелерден кейін, ресми деректі негізге алып алдымен Қытай, артынша батыстың он шақты ірі баспасөз құралы Қазақстанда өлім көрсеткіші коронавирустан да жоғары өкпе ауруы яғни пневмония тарап жатқаны туралы жазды.
Кейін ұлыбританиялық Daily Mail басылымы ағылшын және қытай медицина мамандарынан сұхбат алып, мамандарының "Қазақстанда таралып жатқан пневмония іс жүзінде COVID-19" деген қорытындысын жариялаған.
Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұма күні Қазақстандағы өкпе ауруын COVID-19 деп санайтынын мәлімдеді.
ДДСҰ төтенше жағдай бағдарламасының жетекшісі Майк Райанның сөзінше, Қазақстандағы COVID-19 қозғалысының жоғары траекториясы пневмонияның шын мәнінде COVID-19-дың анықталмаған жағдайлары екенін білдіреді.
Бұған дейін қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" екенін мәлім еткен.
Қамшы порталы осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Қазақстан және шетел ғалымдарының мәлімдемелерін негізге алып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды Қазақстандағы пневмонияны коронавирус деп тануға шақырады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір