• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:08:13
Алматы
+12°

Қазақстандағы Қытай елшілігі елде тараған пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп атаған. Бұл туралы Қамшы тілшісі британиялық Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Британиялық басылымның жазуынша, Қазақстандағы Қытай елшілігі "Қазақстанда өлім көрсеткіші коронавирустан да жоғары, қауіпті вирус тарады" деген мәлімдеме жариялаған кезде, бастапқыда "қазақстандық пневмония вирусы" деп жазған. Кейінірек бұл тұжырымдамасын "COVID емес пневмония" деп өзгерткен. 

Ал ағылшын тілінде шығатын қытайлық Global Times басылымының ақпаратынша, елшіліктің мәлімдемесінен кейін кейбір қытайлық сарапшылар пневмонияның Қытайға таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдау керек екенін айтып, Қазақстан мен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның шектесетінін ескерткен. 

Қытай елшілігінің "Қазақстанда коронавирустан да қауіпті вирус таралды" деген мәлімдемесінен кейін Батыс БАҚ-тары "Орталық Азия елінде өлім көрсеткіші коронавирустан жоғары жаңа вирус пайда болды" деген мазмұндағы ақпараттарды жарыса жариялаған

Бұл ақпараттар Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында пневмониядан 1172 адам қайтыс болды" деген мәлімдемесінен кейін пайда болды. Алексей Цой келтірген дерекке сенсек, пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен бес есеге көп, себебі ресми статистика бойынша қазірге дейін Қазақстанда COVID-19-дан көз жұмғандар саны 264.

Ал 3 шілде күні ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алғашқы алты айында 1772 адамның, маусымда 628 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан. Бұл есеп бойынша, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есе көп.

Ресми статистика бойынша, пневмониядан қайтыс болғандардың саны COVID-19-дан көз жұмғандардан бес есе, тіпті, жеті есеге дейін көп болуы, әрине, әлемнің назарын Қазақстанға аударады. Тіпті, кейбір елдерде "Қазақстаннан абайлаңдар, ол мемлекетте коронавирустан да қауіпті жаңа вирус пайда болды" деген ескертулер басталып кеткен.

Алайда осы ақпараттардан кейін Лондонда шығатын Daily Mail басылымы британиялық және қытайлық эпидемиологтардан сұхбат алып, медициналық мамандар Қазақстанда таралған пневмонияны шын мәнінде COVID-19 деп санайтынын жариялаған.

Бейжіңдегі Қытайдың бас эпидемиологы және Ұлыбритания Уорвик университетінің вирусологы Қазақстанда таралып жатқан "белгісіз пневмонияны" эпидемиологиялық тұрғыдан COVID-19 деп тұжырымдайтынын жеткізген. 

Қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" деп айтқан.

Ал жұма күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы "белгісіз пневмонияны" іс жүзінде анықталмаған COVID-19 деп мәлімдеген

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір