• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:33:28
Алматы
+35°

Жапонияда оқыған қазақ ғалымы Уатқан Сәйпіл коронавирус инфекциясынан емделудің жолдарын ұсынып, қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдады.

– Қазір індеттің таралуының екі үлкен ерекшелігі бар. Бірінші – жаздың күнінде, күннің ұзарған, ультракүлгін сәуленің күшейген, ауада шаң-тозаңның көбейген, вирустың әрі қарай ауада қалқып өмір сүруіне өте қолайсыз жағдайда бірден мемлекет көлемінде таралуы аса күмәнді, қорқынышты жағдай. Оның ерекшелігі, бір уақытта, бір жағдайда көп орында таралуы. Екінші ерекшелігі – жұғымдылығының жоғары болуы. Бір үйде немесе бір жерде болса соның төңірегіндегі барлық адамды қиратып жатыр. Сондықтан осы таралып жатқан тұмауды белгісіз пневмония екен деп өз бетінше түсініктеме бермей, кез келген тұмау тиген адамды "коронавирус" деп есептеп, дереу емдеу қажет. Қалай емдеу туралы Қазақстан жақсы біледі және шамасы жетеді. Ақша десе, ақша бар. Аурухана жетіспейді деген өтірік. Бүкіл мектеп қаңырап, бос тұр, жылтыратып салып қойған спорт кешендері, Алматы төңірегіндегі ареналар бар. Соларды уақытша "емханаға" айналдыруға болады, – деп айтты Уатқан Сәйпіл.

Оның сөзінше, елде дәрігерлер жеткілікті және зейнетке шығып кеткен немесе жеке клиникасын ашқан дәрігерлерді ТЖ кезінде емдеуге шақыру қажет дейді.

– Төтенше жағдайдың ерекше жарлығын шығарсын Үкімет. Барлығымыз бойұсынамыз. Емдеу түк те қиын емес. Қазіргі таралып жатқан аурудың симптомдары белгілі. Кейбіреуінің басы ауырады, тамағы қышып жөтеледі, температурасы көтеріледі, бұлшық еттері, сүйектері сыздап, қақсап белі ауырады, тамаққа тәбеті болмайды, мұрынмен иіс, ауызбен дәм сезбейді, тіпті кейбіреуінде – пневмония. Оған ерекше диагностиканың керегі жоқ. Қазақстан медицина саласында жұмыс жасап жүрген мықты 10 маманның басын қосып, жиын ашсын үкімет. Емдеудің бағдарламасын жасасын. Үш-ақ сағатта бағдарламаны жасап шығуға болады. Себебі бұл дайын симптомдар. Мәселен, бас ауырып келгенде, температурасы көтерілгенде не істеу керек соны айту қажет. Бұлардың барлығына дайын дәрілер бар. Ал коронавирусқа қарсы вакцина дүние жүзі бойынша табылған жоқ, Қазақстанда басыңды жерге тоқпақтасаң да табылмайды, ол жоқ. Әзірге симптомдық емдеу жасау қажет, – деп атап айтты ол.

Уатхан Сәйпілдің айтуынша, қазіргі жағдайды дер кезінде қолға алып, қажетті ем шараларын жасамаса елге қауіп төніп тұр.

– Өкпедегі тыныс алудың нашарлап кетуінен қазіргі кезде көбінесе өкпенің қылтамырларына тромбалар пайда болып жатыр. Оның алдын алатын дәрілер бар. Мұның бәрін дер кезінде қолға алу қажет. Осыған 5 маман отырып, 3 сағаттық бағдарлама жасауға тиіс. Бағдарлама болса дәрігерлер де жұмыс жасай алады. Сондықтан "дәрігер, емхана жетіспейді" деген үкіметтің айтып отырғаны – сылтау. Қазақта "тіл алмас бала, адам таппас сылтау айтады" дейді. Бұндай сылтауды айта бермеу керек. Енді уақыт жоқ. Қайталап айтамын, қазір тұмау тиіп жатқан адамдардың уақытын тест, ПЦР, ДНК жасауға текке кетірмеу қажет. Тұмау тисе "коронавирус" деп емдеу қажет. Одан басқа ешқандай шара жоқ. Бұл қарапайым қолдан келетін іс. Үкімет, билік орындары, денсаулық сақтау министрі қалай ойлап отырғанын мен түсінбедім. Сондықтан дереу қолға алу керек. Дер кезінде қолға алынбаса, өте үлкен апатты жағдай болады. Қазақстан үкіметінің айтпаған әңгімесін біз Қытайдың мәлімдемесінен естиміз. Біздің үкімет неге айтпайды?! Аурудың таралғанына бір ай уақыт болды, содан бері бірауыз сөз айтпағаны дұрыс емес. Бұл біз сияқты кішкентай клиникалардың қолынан келетін іс емес, бұл мемлекеттік деңгейде атқарылуы тиіс іс. Тағы да айтамын, қазіргі тұмау болған адамдардың барлығын "коронавирус" деп есептеп, барлығын емдеу қажет, – деп сөзін түйіндеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір