13 Шілде, 2020 NEWS

АҚШ: Ухань вирусологтары бізге қашып келді

Суретте: Стив Баннон

Трамп әкімшілігінің бұрынғы бас стратегі Стив Баннон Қытайдан қашып шыққан вирусологтар Батыс барлау қызметінің қолында екенін айтты. Бұл туралы The Mirror басылымы хабарлады.

Стив Баннонның айтуынша, АҚШ тыңшылары Бейжіңге қарсы іс жүргізіп жатыр. Ол Уханьдағы вирусология институтынан вирустардың абайсызда немесе әдейі шыққан болуы мүмкін екенін айтқан. Стив Баннон Қытай зертханалары мамандарының Америкаға қашып келгенін және олар Батыс барлау қызметінің қолында екенін жеткізді.

Ол Бейжіңнің коронавирус туралы ақпаратты жасыруын "алдын-ала ойластырылған кісі өлтіру" деп мәлімдеді.

– Қашып келгендердің кейбіреуі федералдық тергеу бюросымен бірге Ухань институтында болған жағдайды бірлесе ашпақ, – деген ол Ухань зертханасының қатты жұмыс істегенін және дұрыс басқарылмағанын жеткізген. 

Mail-ге берген сұхбатында Стив Баннон "Олар бұқаралық ақпарат құралдарына әлі ақпарат бермеді, бірақ Ухань институтынан және басқа зертханалардан Батысқа қашқан адамдар бар және олар Қытай коммунистік партиясы кінәлі екенінің дәлелдерін дайындап жатыр. Менің ойымша, бұл фактлер жарияланса, адамдар қатты таң қалады" деп мәлімдеген. 

Бұған дейін Американың FoxNews арнасына Гонконгтан қашып барған Ли-Мэн Ян атты вирусолог эксклюзивті сұхбат берген. Телеарнаның ақпаратынша, 28 сәуір күні Америкаға қашып барған Ли-Мэн Ян Гонконгтың қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің вирусология және иммунология бойынша мамандандырылған беделді дәрігері. Ян өзінің коронавирусты зерттеген әлемдегі алғашқы ғалымдардың бірі екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, 2019 жылы ол университет пен ДДСҰ анықтамалық зертханасының жетекшісі докторы Лео Пунмен бірге жаңа пайда болған вирусты зерттеуге қатысқан. Ол 31 желтоқсанда вирустың адамнан адамға жұғатыны расталғанын айтты. 

Алайда 9 қаңтарда ДДСҰ Қытайға сілтеме жасап коронавирустың адамнан адамға оңайшылықпен жұқпайтынын мәлімдеген. 

Ол сонымен бірге ДДСҰ-ға қарасты зертхананың бірлескен директоры, профессор Малик Пейрис бұл туралы білетінін, бірақ ештеңені ашық жарияламағанын айтқан.

Пейрис түсініктеме беру туралы өтініштерге жауап бермеген. ДДСҰ ресми сайты Пейристі коронавирусқа байланысты пневмониямен күрес жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ережелерінің төтенше комитетінде "кеңесші" ретінде тізімде тұрғанын жазған. 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір