13 Шілде, 2020 Барлық аймақтар

"Халықтың ашуын басу үшін жарияланған". Аза тұту күні туралы қоғам пікірі

Көрнекі сурет

COVID-19 пандемиясынан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бүгін, 13 шілде – Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл шешім туралы қоғамда пікір әрқилы. Бір тарап шешімді құптап жатса, келесілер аза тұту 6 шілде – елорда күніндегі отшашудан кейінгі қоғам наразылығын басу үшін жарияланды деп санайды. Қамшы тілшісі осыған орай ғалым, қоғам белсенділерінің пікірін, желі қолданушыларының көзқарасын білді.

Филология ғылымының кандидаты Марат Бекбосынов індет билік пен халық арасында еш жасырусыз диалог жүргізілген жағдайда ғана кез келген кедергіден өтуге болатындығын ұқтырды деп санайды.

– Әлемнің алдында тұрған қиын сынақ елді дүрліктіріп, ауыр жағдайға әкелгені өте өкінішті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Індеттен қайтыс болған жақындарымызды еске алу – біздің міндетіміз. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері Қазақстанда Аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланды. Жаһандық ауқымды дерт билік пен халық арасында еш бүкпесіз диалог жүргізілген жағдайда ғана кез келген кедергіден, қиындықтан өтуге болатындығын ұқтырды. Еліміздегі әрбір азаматты карантин шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Мемлекеттік органдар өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, халықтың жағдайын жасауы керек. Себебі біздің мемлекетіміздің ең құнды байлығы – халық!

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек аза тұту күні халықтың ашуын басу үшін жарияланды деген пікірде. 

– Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек жеткізу, ауруханаларға адамдарды қабылдау бойынша түсініспеушіліктер болып жатыр. Себебі ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшы, тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі тағы бар. Бұл мәселелер шешілген жоқ. 6 шілдедегі отшашу көпшіліктің ашуын тудырдырғаны рас. Халықтың ашуын басу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ал қалған мәселелер ше?! Ең бірінші адам өмірін сақтап қалу қажет. Конституцияда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі деп айтылады. Алдымен адамдарды құтқарып қалу жұмысын бірінші орынға қою керек. Пандемиямен күресіп болғаннан кейін, жалпы өлім саны азайған жағдайда аза тұтсақ та үлгеретін едік. Аза тұтып болғаннан кейін өлім-жітім болмайды деп нақты айта алмайды ғой. Себебі бүгінгі статистика бойынша індетті жұқтырғандар саны 56 мыңнан жоғары. Оның ішінде қаншауы тірі қалып, қаншасы өліп кетеді белгісіз ғой. Әрине, барлығының сауығып кетуін тілеймін. Шыны керек, өлім саны аз болып тұрған жоқ. Ұлттық аза тұту күнін сәл кейінге қоя тұру керек еді.

Әлеуметтік желіде де осы күн турасында түрлі пікірлер жазылды.

Қаралы күн жариялау халықтың 6 шілдедегі отшашуға наразылығын басу әрекеті деген саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай Facebook парақшасында аза тұту күнінің мән-мазмұнына мән берген.

– 13 шілдені қаралы күн етіп жариялау халықтың 6 шілдедегі отшашуға наразылығын басу әрекеті екені анық. Бірақ бұл аза күнінің мән-мазмұны қандай болмақ? Бір күнге ойын-сауық хабарларын тоқтатып, бір минут еске алу ма? Қазіргі халықтың көкейіндегі мәселе – ковидтан қайтып жатқан адам саны, олардың әрқайсысының оқиғасы, кінәлілердің анықталуы, қатемен жұмыс. Қазіргі ресми статистикаға сүйенсек, қайтыс болған 264 адам үшін аза тұтамыз. Ал пневмониядан он-ондап кетіп жатқандардың сұрауы кімге? Қайтыс болғандардың барлығының аты-жөні аталып, олардың өмірінен ақпарат берілуі керек, деп жазды ол.

Жазушы Арман Әлменбеттің сөзінше, билік ойына келгенін істеп отыр.

– Аза тұту күнін жариялады екен деп салютты ұмыта салсаңыздар, білмеймін онда. Жоғы түгенделгендей боп отырғандарыңыз не? Эфирді алды, айтты, сол да бір біткен іс пе? Кеше 6 шілде – аза тұту күні деп бәрі аватаркасына қойды, соны ұмыттыру үшін істей салды. Жоқ әлде кеше салютқа өтірік ашуландыңыздар ма? Маған рас ауыр тиді, сондықтан оны ұмытпаймын. Мүлде ештеңені сыйламайды, ойларына келгенін істеп отыр. 7-сі күні таңертең жиналып, ақылдасты да, шешіп, бүгін тез-тез мәтінін дайындап, эфирге шығара салды деп ойлаймын. Басқа ешқандай мән көріп тұрған жоқпын бұның бәрінен, – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегі аза тұту күнінің шын өліп жатқандарға жанашырлықтан көрі басқаша сипаты бар екенін айтты.

– Қызылағаштағы су тасқынынан бастап траур жариялайтындай қаншама оқиғалар болып өтті, солардың бірде-бірінде үкімет өз бетімен осындай күн жариялады ма? Тек қана халықтың талап етуімен, "ұялған тек тұрмас" дегендей басқа айналадағы елдерден ұялғандықтан ғана немкеттілеу жариялаған болады. Оған көзіміз әбден жеткен. Ал ондай күндер жариялана қалса да, президент немесе үкімет басшысы оқиға орнына тез жетіп, халықпен бірге болып, басу айтқан кездері болып па еді? Кез келген ең артта қалған деген шетелдік елдердегідей? Менің есіме түспей тұр.

Ал бүгінгіге тіпті арнайы сөз арнапты. Неге бұлар соншама оперативтілік көрсетіп, шоқ басқан тауықтай тызылдап жүр? Осыдан-ақ бұл күннің шын өліп жатқандарға жанашырлықтан гөрі басқаша сипаты бар екені көрініп тұр. Адамдар қырылып жатқан осындай күндерде салют ұйымдастырып жүрген Көлгіновті ең кемі жұмыстан қумай оны қорғаштауға тырысу да осыдан туындайды. Е мейлі, өздерің біліңдер, ойларыңа келгенді жасаңдар. Бәрібір халық айна бәрін көріп отыр, – дейді қоғам белсендісі.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір