• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:08:10
Алматы
+35°

Атырау облысының тұрғыны, журналист Тәуірбек Бозекен әлеуметтік желідегі парақшасында Атырауда мұнай компанияларының зауытынан түтінмен бірге күкірт сутегі тарап жатқаны жайлы жазды. Қамшы тілшісімен сөйлескен ол КВИ мен пандемияның өршуі осы улы газдың таралуымен байланысты болуы мүмкін деп күдіктенеді. 

– Дәл қазір "Мұнайлы Астана" деп айдар тағылған Атыраудың басты проблемасы – COVID-19 бен пневмония емес, күкірт болып тұр. Мұнай компаниялары ауаға жіберген осы күкірт кесірінен қаншама адамның ұйқысы қашты, басы ауырып жүр, аллергия қозды, тіпті кейбірі ұйқысынан оянбай қалып жатыр. Бұл мәселе баяғыдан бері айтылып келеді. Атырау халқы бұл сасық, улы ауа жайлы айтып-айтып шаршаған. Алайда соңғы 2-3 күнде күндіз де, түнде де таза ауа жұту мүмкін емес болып отыр. Түнгі сағат 2-де күкіртті ауаға таратуды бастайды. Ең болмаса, таңда терезені ашайын десең, қышқыл иіске уланып қаламыз ба деп қорқамыз. Меніңше, осы күкірт пневмония мен ковидтің өршуіне себепші секілді. Халықтың иммунитетін әлсіретіп жатқан да осы күкірт, – дейді ол.

Жазба астына пікір қалдырған желі қолданушыларының дені журналистің ойымен келіскен.

– Улы күкіртсутек газы шіріген жұмыртқаның иісін шығарады. Өзге дамыған елдерде мұнайдан бөлінетін қосымша газды қондырғылар арқылы сүзіп іске жаратады. Ауаға жібермейді. Тек біздің сорлы Қазақстан ғана білсе де ақша шығарғысы келмейді. Қанша шикізатты ауаға босқа жібергенімен қоймай, халқын ауру қылып, қырып жатыр, – деп жазды Гүлнар Жұмаева есімді желі қолданушысы.

Ал Руслан Есқайыров есімді желі қолданушысы Атырау мұнай өңдеу зауыты түнде қалдықтарды сыртқа шығаратынын атап өтті.

– Тасқалада тұрамыз. Түнгі 1-2-де ауа қатты өзгереді. Терезе аша алмайсың. Шіріген жұмыртқаның иісі таңғы 5-6-ға дейін кетпей тұрады. Атырауда 2 күннің бірінде жел болған соң шыдап отырмыз, – деп пікір қалдырған.

Эколог Мэлс Елеусізов күкірттің адам денсаулығына зиян екенін айтты.

– Баяғыда Атыраудың  экологиясына қоғамдық экспертиза жасағанбыз. Сол кезде ауада күкірт жиналғаны анықталған болатын. Оның иісі адамның басын айналдырады. Жоғары концентрациядағы күкірт газын жұтқан кезде адам тұншығады. Жұтыну қиындап, өкпе жедел ісінуі мүмкін. Әрі ол өртенсе, оны сөндіру қиын болады. Бұл мәселені тезірек қолға алып, күкірттің таралуын тоқтату керек, – дейді эколог.

Осы мәселеге қатысты түсінік берген экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ауа сапасын бақылау станциялары 12 шілде күнгі мәліметтерге талдау жүргізгенін, нәтижесінде ауа құрамындағы күкірт сутегілерінің концентрациясы шекті шоғырланудан асқаны анықталғанын хабарлады. 

"Атырау қаласында ауа сапасының нашарлауына байланысты департамент «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-на жоспардан тыс тексеру тағайындап, қазіргі уақытта құзырлы органға тіркеуге жолдады. Тексеру нәтижесі бойынша қосымша хабарланады" делінген министрлік мәлімдемесінде.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір