ЖОО-ның ақылы бөлімінде оқитын студенттерге оқу ақысын арзандатуды мекеме орны өзі шешеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте айтты.

– Жоғары оқу орындарына академиялық және қаржылық дербестік бердік. Сондықтан оқу ақысы қанша болатыны туралы мәселені әр институт, әр университет, әр академия өзі шешеді. Қашықтан оқытқанда шығын аз болады деген түсінік бар. Негізінде олай емес, мысалы оқу орнында 5 корпус болса, бесеуі де жабылмайды. Оның коммуналдық шығындары, жұмыс істеп жатқан оқытушылардың шығындары бар, – деді министр.

Аймағамбетов қыркүйек айында университеттер мен колледж студенттері қашықтан оқитынын мәлімдеді.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қыркүйектен бастап барлық мектептерде оқушыларды қашықтан оқытуды ұсынған. Үкімет басшысы Асқар Мамин денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдап, оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқитынын мәлімдеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір