15 Шілде, 2020 NEWS

Қытайдың ядролық зымырандары Америкаға 30 минут ішінде жетеді

Суретте: Гиперсоникалық зымыран (Modern Diplomacy.eu)

Әскери сарапшылардың пікірінше, Қытайдың бір сәтте 10 ядролық оқтұмсық орналастыра алатын баллистикалық зымыраны бар. Олар Америкадағы кез келген нысанаға 30 минутта жетеді. Бұл туралы Қамшы тілшісі Нью-Йорк Таймс басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымының жазуынша, "Dongfeng-41 (DF-41)" зымыраны Қытайдың ең қауіпті әскери техникасының бірі. Ол Қытайдың жолмен қозғалатын мобильді құрлықаралық баллистикалық зымыраны. Зымыран 2019 жылдың 1 қазанында Қытайдың ұлттық күніндегі әскери шеруде ресми түрде жарияланған. Ол 12 мыңнан 15 мың шақырымға дейінгі аралыққа жете алады.

Қытай халық-азаттық армиясы былтыр Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңында өткен шеруде кем дегенде 16 "Dongfeng-41" зымыраны мен көлігін көрсеткен.

Әскери шеруге 15 мың әскер, 580 дана әскери техника және 160-тан астам жойғыш ұшақ қатысқан.

Сондай-ақ дыбыстан жылдам зымыран, гиперсоникалық зымыран және роботты сүңгуір қайық көрсетілген. Ал ірі баллистикалық зымыран орталықта жүрген.

"Dongfeng 41" туралы егжей-тегжейлі ақпарат ресми түрде жарияланбаған. Дегенмен Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы зымыранның АҚШ-қа 30 минутта жетіп, 10-ға жуық оқтұмсықпен жекелеген нысаналарға тие алатынын мәлімдеген.

Қытай халық-азаттық армиясының отставкадағы полковнигі Юэ Ганг "Financial Times" газетіне берген сұхбатында "Біз бұл үлкен киллерді Америка үшін қолданғымыз келеді. Біздің сіздермен бәсекелесуге мүмкіндігіміз болмаса да, Американың бізге қарсы бірінші болып соққы жасауға батылы жетпеуі үшін біз қазір бірнеше ерекше жабдықты жасап жатырмыз" деген.

Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметі бойынша, Қытайда 280, Америкада 6450. Ресейде 6850 ядролық оқтұмсық бар.

Ілмек сөздер: Қытай зымыран АҚШ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір