Фото Ұлан Қилымбектің жеке мұрағатынан алынды
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың
ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтың
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың
НАЗАРЫНА
Қамшы редакциясына Шымкент қаласының Ұлан Қилымбек атты тұрғыны хабарласып, өзін бизнестегі серіктесі қорқытып, алмаған ақшасын алды деп қолхатқа қол қойдырып, видеоға түсіріп алғанын айтты. Оның сөзінше, жергілікті полиция бөлімі жәбірленуші шағымы бойынша қозғалған істі дәлел жеткіліксіздігін желеу етіп сотқа жеткізбей отыр. Мәселенің мән-жайы жазылған оқырман хаты төменде қаз-қалпында ұсынылған. Қамшы – еркін ақпарат алаңы. Егер төмендегі хатта аты-жөндері аталған Асылхан Қарсақбаев пен тергеуші Рүстем Қуанышбеков ой-пікірін бірдіргісі келсе, жариялауға әзірміз.
Мен, жәбірленуші Ұлан Қилымбек 2017 жылдың маусым айынан Асылхан Қарсақбаев атты азаматтың Шымкент қаласында ашқан телефон аксессуарларын сататын «Қазына» дүкенінде қытай тілінен аудармашы әрі сатушы болып жұмыс істеп келдім. Арасында Қытайдан Қазақстанға тауар әкеліп сатып, кәсіп жасап жүрдік.
Бірде Асылхан Қарсақбаевтың досының құны 12 млн теңгелік жиһазға керекті заттарын Қытайдан Қазақстанға жеткізіп бердім. Қытай саудагерлері үлкен сомада тауар алғаным үшін 200 мың теңге көлемінде «шотал» берген. Соны біліп қойған Асылхан Қарсақбаев «осы уақытқа дейін менің де тауарларымның үстінен пайда тауып жүрген шығарсың» деп күдіктене бастап, «шотал» ретінде алған 200 мың теңгені өзіне қайтаруымды талап етті. 2019 жылдың 27 желтоқсанында Асылханның көлігімен 3 жігіт мені екі жағымнан ұстап ағам Ұларбектің үйіне апарды. Мен ағаммен жолығып, ақшаны алып, түнгі сағат 2-де 200 мың теңгені Асылхандарға бердім. Оны қасымдағы бір жігіт көріп тұрды. Әңгіме осымен біткен шығар деп ойлағанмын.
Алайда ертесі Асылхан мені сағат 9-да тағы шақырып алып «2017 жылы қазан айында Қытайға барғанда жеті мың доллар ақшам жоғалған. Соны сен алдың» деп негізсіз жала жапты. 3 адам болып ұрды, соқты, басыма пакет кигізіп тұншықтырды. Ақыры «3 млн ақша ұрладым» деп қолхат жазып беруімді мәжбүрледі.
Қолхатта «Мен Қилымбек Ұлан Қарсақбаев Асылханнан 3 миллион теңге ақша алдым, 2020 жылғы сәуір айының 15-не дейін «HYUNDAI ELENTRA» автокөлігін әкеліп беремін. Кепілге өзімнің мініп жүрген «TOYOTA CAMRY» автокөлігімді, жүргізуші куәлігімді, автокөлік құжатын және жеке куәлігімді, LG телефонымды, Samsung S8 телефонымды қалдырып кеттім» делінген. Іс жүзінде оның ешқандай ақшасы ұрланбаған.
Ешкімнің ақшасын алмағандықтан, кінәсіз екенімді заң жүзінде дәлелдеп, құқығымды қорғағым келіп, Шымкенттегі Абай аудандық полиция бөліміне арыздандым. 2019 жылдың 31 желтоқсанында арызымды тергеуші Рүстем Қуанышбеков қабылдады.
2020 жылдың 2 қаңтарында Р.Қуанышбеков мені Асылхан Қарсақбаевпен беттестірді. Қарсақбаев полиция бөлімшесінде өзінің кінәсін толық мойындап, менен кешірім сұрады. Менен тартып алған мүлікті қайтарып беруге уәде берді.
Жеке куәлігімді, автокөлігімді, автокөліктің құжаттарын, LG телефонымды қайтарып бергенімен, маған бұған дейін берілген 300 мың теңге қарыздың өтеуі ретінде көлік жүргізу куәлігімді және S8 телефонымды өзіне алып қалды. Алыс-берісіміз, ортақ істеріміз болған соң қарыз алғаным рас. Оны қайтарудан қашпаймын. Тек адам секілді сөйлессе болады ғой. Ол олай істемек түгілі, «қайда шағымдансаң, онда шағымдан, қолыңнан келгенін істеп ал. Полициямен мәселе шешілген соң аяғыңды шағам» деп қоқан-лоқы көрсетті. Жүргізуші куәлігім мен телефонымды ала алмадым. Бұл аздай Асылхан менің телефоныммен әлдекімдерге хат жазып, қылмыстық істерге шақырып, мені қаралауға тырысып жүр.
Ал тергеуші Р.Қуанышбеков өз тарапынан тиісті ештеңе істеп отырған жоқ. Соның салдарынан Қазақстан қылмыстық кодексінің 179-бабы (Қарақшылық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш көрсетумен немесе тiкелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау) бойынша 2019 жылдың 31 желтоқсанында қозғалған іс әлі жылжымай тұр.
Р.Қуанышбеков Қарсақбаевпен сөз байласып алған ба, істі сотқа жолдамай отыр. Сөзінше, дәлел жетіспейді екен. 2020 жылдың 2 қаңтарында кабинетінде болған әңгімені «ұмытып» қалған сияқты. Кабинетте Қарсақбаевтың кінәсін мойындағанын жоққа шығарды. Іс барысы бойынша онымен сөйлесу, кездесу мүмкін емес. Қоңырау шалсаң, тұтқаны көтермейді. Жолығайын деп ішкі істер бөліміне барсаң, ішке кіргізбейді. Аңдып түскі асқа шыққан уақытында ұстап алмасаң, көруің мұң. Менің тергеушіні ауыстыру туралы жазған арызымнан ештеңе шықпады.
Осы хат арқылы сағызша созылып бара жатқан іс сотқа жетіп, Асылхан Қарсақбаевқа тиісті шара қолданылып, мәселеге нүкте қойылса екен деймін.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір