• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:38:43
Алматы
+35°

Шымкент тұрғыны Айжан Ергешова пневмониямен ауырып, емделуге барған анасы дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмғанын, өздерінің ақшасына сатып алынған оттегі баллонын басқа науқасқа беріп қойғанын айтты. Қамшы тілшісімен сөйлескен ол істі ақырына дейін жеткізгісі келетінін, президент пен бас прокурорға ресми хат жазып қойғанын жеткізді.

"АУРУХАНАДА АДАМДАР "ОТТЕГІ ТАУСЫЛДЫ" ДЕП БАЙБАЛАМ САЛЫП, АУЫРЫП ЖАТҚАН ТУЫСТАРЫНА БАЛЛОН ӘКЕЛІП ЖАТТЫ"

Анам Аманкүл Ағабаева мейірбике болып істейтін. Ешқайда қыдырып шықпайтын, карантин талаптарын қатаң сақтады. Сырқатты науқастардан жұқтырып алды ма, әйтеуір 3 шілде күні тамағы ауырып, өзін жайсыз сезінді. Бірақ қызуы көтеріліп, жөтел сынды белгілер болмағандықтан, ем шараларын үйде жасауды шештік. Алайда күннен-күнге жағдайы нашарлаған соң 7 шілдеде рентгенге түсірдік. Анамнан екіжақты пневмония анықталды. Артынша жедел-жәрдем шақырып, "Асар" ықшамауданындағы жаңадан салынған ауруханаға апарғанымызда тіркелушілердің тізімінде анамның жоғын айтты. Дәрігерлерге жалынып-жалбарынып, әрең дегенде емханаға жатқызуға рұқсат алдық. Дәрігерлер ауруханада дәрі тапшы екенін айтып, қажетті дәрі-дәрмектерді өзімізге алуды өтінген соң 300 мың теңгеге дәрі сатып алдық. Сол түні інім екеуміз анам жатқан реанимацияны күзетумен болдық. Бір уақытта адамдар шулап, "оттегі таусылды" деп оттегі баллонын әкеліп жатыр екен. Біз де сол түні кезекшілікте болған санитар дәрігерге оттегі толтырылған баллонды әкеліп бергенбіз. Ол баллонды анама қосып бергенін айтқан. Біз оған сендік.

"ІНІМ РЕАНИМАЦИЯҒА КІРІП БАРҒАНДА, АНАМ ОТТЕГІСІЗ ЖАТТЫ"

Дәрігерлер оттегі баллонын апарып бергенін, анамызға жағдайы жақсы екенін айтқан. Бірақ інім анамызға кезекті рет кіргенде анамның оттегісіз жатқанын көрді. Анам мен бірнеше адам қиналып демалып жатыр екен. Науқастардың жанында бірде-бір дәрігер болмады. Біз айқайласып жүріп, басқа науқасқа берілген баллонымызды алдырттық. Ішіндегі оттегі таусылуға аз қалыпты. Содан екінші баллонды алып келуге кеткенімізде анамның қайтып кеткенін естідік. Сол күні анаммен қатар тағы көптеген адам қиналып ана дүниеге аттанды. Бұл шілденің 8-інен 9-на қараған түн болатын. Біз оттегі баллонын анамның аузынан кімнің алғанын анықтай алмадық. Дәрігерлер сол жерде ауырып жатқан науқастардың бірінің туысы алғанын айтып отыр. Тіпті солай болған күннің өзінде де ол жердегі жауапты медицина қызметкері қайда жүрген. Ол өз орнында болғанда мұндай қайғыға душар болмас едік қой. Мен оттегіні біреу қасақана алғанына сенімдімін.

Марқұм Аманкүл Ағабаева

"ПРОКУРАТУРА АДАМ ӨЛІМІ БОЙЫНША ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗУГЕ ТИІС"

Анамның жетісі өткеннен кейін үйге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары және баспасөз хатшысы келіп, бізді сабыр сақтауымызды сұрап, болған жағдайға кешіріммен қарауға шақырды, Менің ойымша, қазір сабырға салып, кешіріммен қарап отыратын уақыт емес. Мұнда әкімшіліктен бастап, сол күні кезекшілікте болған дәрігерлерге дейін заңбұзушылыққа барып отыр. Өткен сенбі, 18 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бас прокурор Ғизат  Нұрдәулетовке ресми хат жолдадым. Бұл оқиға бір ғана тексеріспен тоқтап қалмауға тиіс, жауапты органдар жауапкершілікке тартылуы керек. Мен істі соңына дейін алып барамын. Прокуратура адам өлімі бойынша тексеріс жүргізуге тиіс. Егер дәрігерлер анамды құтқарып қалу үшін барлық амалды жасап, қолдан келгенше көмектессе, бұлай байбалам салмас едім. Өзіміздің қаражатымызға сатып алынған оттегіден айырған емханада үлкен масқара болып жатыр. Әлі де сол емханада қайтыс болып жатқан адамдар көп. Салғырттықпен қараған дәрігерлердің және жауапты басшылардың кесірінен қаншама адам өмірімен қоштасып жатыр. Мен өз құқығымды сақтай отырып, жан-жаққа барынша жазып, өтініш білдіретін боламын.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір