• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:41:53
Алматы
+35°

"Мен әке атануға дайын емеспін", "Бұл – менің балам емес", "Бұл біздің отбасымызды ұятқа қалдырады", "Сен оқуыңды аяқтауың керек", "Ақша жоқ" осы және осыған ұқсас сөздер жүкті қыздарды баласынан бас тартуға итермелейді. Алайда мұндай жағдайлар жас қызды отбасынан ажыратуға себеп болмауы тиіс". Алматыдағы №2 "Ана үйі" қоғамдық қорының үйлестірушісі Аминат Сейпуллахқызының пікірі осындай. Маман Қамшы тілшісіне "Ана үйінің" қызметі, некесіз аяғы ауыр болып қалған қыздарға, ажырасқандарға ата-ананың көзқарасы және отбасы берік болуы үшін не істеу керектігі туралы айтып берді. 

– Аминат Сейпуллахқызы, "Ана үйінің" қызметі туралы айтып беріңізші?

– "Ана үйі" 2013 жылы мамыр айында ашылған. Мақсаты – тастанды балалардың санын азайту. Перзентханалармен бірлесе отырып, тұратын жері мен ақшаның жоқтығы салдарынан баласынан бас тартпақ болған аналарды өз қамқорлығына алады. Келеңсіз жағдайға ұшырап қалған бейшара қыздардың дені қайда барарын білмейді, баласын бағайын десе жағдайы жоқ, әке-шешесі қуып жіберген. "Ана үйіне" келгеннен кейін, қыздар өздерінің алдағы әрекеттерін ой елегінен өткізуге, ана бақытын сезінуге, жұмыс тауып, қаражат жинауға мүмкіндік алады. Мұнда оларға баланың жәрдемақысын рәсімдеуге көмектеседі, заңгер кеңес береді, психологиялық қолдау мен медициналық жәрдем көрсетіледі. Әке-шешесі қуып жіберген қыздарды баласын туып алуға жағдай жасалады. Жас босанған әйелден туған-туысқандары немесе баланың әкесі бас тартқан кезде жас анаға қол ұшын созып жіберсе, ешқандай ана баласын тастамайды деп ойлаймын. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы және басқа да ауруханалар "Ана үйі" бар екенін біледі. Сол кісілердің алдына босанатын мерзімі жақындаған бірақ баратын жері жоқ, "баламнан бас тартамын" деп жас қыздар келіп отырса олар бізге хабарласады.

– Мұнда келген жас аналарға қандай жағдай жасалған? 

– "Ана үйіне" жүктіліктің 8-9 айынан қабылданады, содан 6 ай бойы осы үйде болады. Бірақ 6 айдан кейін міндетті түрде кетуі керек деген шарт жоқ, жағдайына қараймыз. Қыздардың осы үйден кеткеннен кейінгі жағдайынан хабардар болып тұрамын. Үлкен немеремнің алды 7 жасқа келіп қалды. 6 айдың ішінде қыздар міндетті түрде бір мамандықтың иесі болып шығады. Тігінші, шаштараз, аспаз, тырнақ әрлеуші мамандықтарын оқытамыз. Психолог кеңесін алады. Сол аралықта қыздардың рұқсатымен туған-туыстарымен сөйлесеміз, баланың әкесімен де жұмыс істейміз. Қыздардың 70 пайызын ата-анасы үйлеріне алып кетеді, 10 пайызы тұрмысқа шығып, отбасылы болып жатады. Қазақтың салт-жоралғыларын жасап, шығарып саламыз. Сонымен қатар, жас ананы перзентханадан шығарып алғаннан кейін сәбидің атын қойып, бесікке салу, тұсаукесер сынды рәсімдерді жасаймыз. Қыздарым үй шаруасына араласады, кезек бойынша үй жинап, тамақ әзірлейді.

– Мекеме шығынын қалай өтейді? Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме?

– Мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейді. Меценаттардың көмегімен жұмыс істеп отырмыз. Перзентханалар мен емханалар тегін қабылдап, дәрі-дәрмектерді тегін береді. ЖОО мен колледждерге барып, басшыларымен сөйлесіп, тегін оқытуға көмек сұраймын. Ректор немесе директордың бюджетінен тегін оқитындар бар.

– Мұндай аналарды әке-шешесі қалай қабылдайды?

– Қыздардың туған-туыстарымен жұмыс істегенде алдымен анасымен сөйлесемін, анасы келіспесе, әкесімен байланысқа шығамын. Көп жағдайда аналары отағасы қарсылық білдіреді деп жатады. Мынадай оқиға есімде қалыпты. Мерзімі жақындағанда бір қыз осы "Ана үйіне" келді, одан кейін балалы болды, мұны анасы білетін, қыздың әкесі бұл туралы сәби 3 жасқа толғаннан кейін ғана естіді. Болған жайтты естіген әкесі қызының оң босағада отырып балалы болғанына емес, жиенінің бар екенін білмегеніне қатты ренжіді. Соған қарап мен "ата-аналарың сендерге ең жақын дос, қандай да бір жағдай болса, міндетті түрде айтыңдар" деп қыздарға үнемі айтамын. Баласын кешірмейтін ата-ана жоқ. Әке – отбасының тірегі. Қыздары осындай жағдайға тап болғанда аналары мұны әкесіне жеткізуге қорқатынын білемін. Қоғамымызда бар кінәні анасының мойнына ысара салып жатады. 

– Қазақстандағы гендерлік мәселеге көзқарасыңыз қандай? 

Менің ойымша, ерлер мен әйелдер тең дәрежеде. Қазіргі таңда әйелдер ерлермен қатар қызмет атқаруда. Тіпті трамвай, троллейбусты да тізгіндеп жүр. Ал менталитетімізге сай әйел адам ер адамды жоғары көтеріп отыруға тиіс.

– Шаңырақ шайқалмау үшін алдымен не істеу керек деп ойлайсыз?

Менің ойымша, маңызды нәрселердің бірі отбасының бірлігі. Бір отбасы болып біріккен адамдардың арасында ғана бірлік болады. Бірлік бір-бірін сыйлаған, бағалаған, сүйген, түсінген кезде болады. Ерлі-зайыптылардың мінезі, қызметі әртүрлі болғанымен, олардың отбасына қатысты мақсаттары бір болуға тиіс. Шаңырақты шайқалтпай, тек өзін ғана емес, отбасын ойлауы керек. Отбасының өзге мүшелерінің жағдайын ойлап, оларды теңдей ұстап, бірдей сыйлауы қажет. Жұрттың барлығының отбасы бірдей ата мен енеден, ерлі-зайыптыдан құралсын деп айта алмаймыз. Ол бір Алланың қолында. Бірақ отбасы қанша адамнан құралса да, отбасы мүшелері бір-бірін сыйлап, өз өмірлерін бір-бірімен берік байланыстыруы керек.

– Елде отбасылық қатынаста қандай заңнамалық  шешімдер жетпейді деп ойлайсыз?

Көп жағдайда қыздар "бұл бала әкесіне керек емес" деп жатады. Олай болмауы керек. Осы тұста ананың жауапкершілігін күшейту керек. Қазіргі уақытта баласынан бас тарту оңай болып кетті, нотариуске барып баламнан бас тартамын деп жазады. Сонымен қатар, көкек аналарға да заңды қаталдату қажет. Бұл – менің жеке пікірім.

– Осындай мәселенің шешімін қалай табуға болады?

Бұл проблема – қоғам азғандығының ең бірінші көрсеткіші. Кеңес үкіметі кезінде біз ұлттық тәрбиемізді жоғалтып алдық. Бірақ ол кезде біз партиядан қорықтық. "Егер біреу басқа біреудің қызын зорласа, не тастап кетсе, ол қызметінен кететін, оны коммунистік партия жазалайтын". Ал тәуелсіздігімізді алған кезде балалар өздері қалағандарын жасасын, қысымшылық көрсетпейік дедік. Тура сол кезде, соны күтіп тұрғандай бізге жан-жақтан ақпараттық ағын келді. Жастар ерте жыныстық қатынасқа барып, ол кеңінен насихаттала бастады.

"Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" демей ме?! Демек шағын отбасының ғана емес, тұтас бір мемлекеттің дамуы үшін де өз еңбегімен сүбелі үлесін қосып жүрген ардақты аналар бар. Біз қыздарымыздың тәрбиесін қолға алуымыз керек. Алыстан іздеп керегі жоқ, қазақ өзінің ұлттық тәрбиесімен барлық қазақстандықтарды тәрбиелесе, ешкім жаман болмас еді деп ойлаймын.

Таңшолпан Ғазизқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ана үйі ЖАС АНА БАЛА

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір