22 Шілде, 2020 NEWS

"Алматы дәріханаларында дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ"

qamshy.kz

Алматы қаласындағы дәріханаларда дәрі-дәрмек толықтай жеткілікті және кезекте тұрған халық саны азайды. Бұл туралы дәрі-дәрмектерді үйлестіру координаторы Заңғар Сәлімбаев баспасөз өкілдерінің қатысуымен болған арнайы рейд барысында айтты.

Оның сөзінше, дәріханаларда бақылау жұмыстары 29 маусымнан басталып, арнайы мониторинг топтары тексеріс жүргізген.

– Осы аралыққа дейін біраз жұмыстарды жүзеге асырдық. Біріншіден ірі компаниялармен өндіріс салалары, дәріхана желілерімен келісімшартқа қол қойдық. Келісімшарт бойынша сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің санын шекті бағада сатуды бақыладық. Сондай-ақ отандық өндірушілер мен ірі компаниялар келісімшартта көрсетілген дәріханаларға дәрілерді жеткізуді жоспарлаған. Бүгінде келісімшарт негізінде жұмыстар жүргізілуде. Бастапқыда 105 дәріхананы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету белгіленген болса, қазір оның саны өсіп, 369-ға жетті, – деді Заңғар Сәлімбаев.

Оның айтуынша монитронгтік топтар күнделікті дәріхана желілеріне барып, карантиндік талаптардың сақталуын және дәрі-дәрмек бағасының шектілігін бақылап отырады.

– Кейбір адамдар дәрі-дәрмек алып, оны онлайн түрде қымбат бағада сатуда. Мұндай заңбұзушылықтарды құқық қорғау органдары бақылап отыр. Нарықты тұрақтандыру үшін елге 6 млн-ға дәрі-дәрмек алынды. Әрі қарай дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін тұрақтандыру қорына 5 млрд бөлдік. Call орталықтарымызға көптеген қоңыраулар келетін, қазір азайды. Өткен жұмадан бастап дәрі-дәрмектерге сұраныс төмендеді. Ірі дәріханаларға барып тексеріс жасағанымда ұзын-сонар кезекте тұрған халық болмады. Халыққа берілетін тегін дәрі-дәрмекті емханада тіркелген және тұрғылықты мекенжайы бар азаматтар ала алады, – деп атап өтті. 

Арнайы мониторинг топ журналистермен Алматы қаласының №3 дәріханасына барып, дәрі-дәрмек тапшылығы және кезекті тексерді.

№3 дәріхана меңгерушісі Айнұр Алмахамбетова.ның сөзінше, дәріханада бір апта бұрын ұзын-сонар кезек болған, қазір азайған. COVID-19-ды емдеуге арналған дәрілер түгел бар. Қазіргі уақытта ешқандай дәрі тапшылығы жоқ. Дәріхана қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылды. Ең бастысы дәріханаға келген адамдардың дене қызуын тексеріп, маска тағуын, арақашықтық сақтауын қадағалаймыз, – деді ол.

"Қолдау" кәсіпкерлік орталығының бас менеджері Ерлан Сапарұлы бүгінгі күнге дейін қала тұрғындарынан күніне қанша қоңырау келіп түскенін айтты.

– Біз тәулік бойы жұмыс жасап, дәрі-дәрмектер бойынша халыққа толық ақпарат беріп отырдық. Қоңырау соғушылар көбіне дәрі-дәрмектердің бағасын, көлемін, мекенжайын сұрайды. 14-ші шілдеде мыңға жуық қоңырау келіп түсті. Қазіргі уақытта қоңырау шалушылар азайды. Себебі дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілген. Қазір тәулігіне 200-250-ге жуық қоңырау қабылдаймыз. Біз дәріханалар да сұраған дәрілері барма жоқпа нақты анықтап береміз. Одан бөлек дәрі-дәрмектер жоғары бағада сатылмауын бақылаймыз, – деді орталықтың бас менеджері.

 

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір