• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:41:00
Алматы
+12°

Айман Мамедалиева 2019 жылдан бері отбасымен бірге Орталық Африка Республикасында (ОАР) тұрады. Жергілікті мектепте тіл маманы. Қамшы тілшісі Мамедалиевамен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, ОАР-дағы өмір туралы сұрады. 

Суретте Айман Мамедалиева

Айман Мамедалиева Орталық Африка Республикасының астанасы Банги қаласында тұрып жатыр. Өзінің сөзінше, шетелге шығып тәжірибе алмасу – жолдасының арманы болған. 

– Қазіргі уақытта шет елде жұмыс істеп, білім алу, тәжірибе жинау, ел көру, жер көру кеңінен етек жайды. Бізге де сондай ұсыныс түскен соң, мүмкіндікті жіберіп алмайық деп бірден қабылдадық. Шет елге шығып тәжірибе алмасу әуелден жолдасымның арманы болатын. Сол арманымыз бүгінде орындалды. Көшіп кетуге ештеңе түрткі болған жоқ, өз қалауымызбен келдік. Болашақта елімізге пайдамыз тиеріне күмәнім жоқ, – дейді ол. 

Мамедалиеваның пікірінше, екі елді салыстыруға мүлде келмейды.

– Біріншіден, мұнда Қазақстандағыдай зәулім ғимараттар жоқ. Сондай-ақ балаларға арналған ойын орталықтарын да таппайсыз. Мәдениет ошақтары (кинозал, театр, т.б.) да жоқтың қасы. Екіншіден, тағамдарда үлкен айырмашылық бар. Өндіріс цехтарының жоқтығынан барлық өнім сырттан экспортталады. Үшіншіден, интернет қымбат, байланыс нашар. Төртіншіден, бұл ел халқы кедей. Әлемдегі ең кедей елдердің қатарында болғандықтан, халық тұрмысы ауыр әрі аянышты. Бесіншіден, бұл елдің табиғатты Қазақстандыкінен ерекше. Қазір қыс маусымы саналатындықтан, ауа салқын, жауын көп жауады. Біз төрт мезгілді біліп өстік, ал мұнда мезгіл алтау, –  дейді Айман. 

Банги қаласының балалары

"БІЗГЕ БЕЙМӘЛІМ БАНГИ"

Африка туралы Instagram парақшасында қызықты жазбалар жазып жүрген қазақ қызы жақында "Бізге беймәлім Банги" атты кітап жазып, 8 шілде күні тұсаукесерін өткізді. Өзінің айтуынша, кітапты оқыған оқырман ОАР-ға саяхат жасап қайтқандай болады. 

– Кітап оқуға өте жеңіл. Барша оқырманға арналады. Менің кітабымды оқу арқылы алыстағы Африка өміріне саяхат жасайсыз. Жат елдің тұрмыс-тіршілігімен жақыннан танысып, қолда бардың қадірін түсінуге шақырады. Оқырман еңбегімді оқи отырып, туған жер мен тілдің құндылығын сезіне түседі деп ойлаймын, – дейді Айман. 

Оның айтуынша, өзі тұрып жатқан Банги қаласының адамдары нәсілге бөлінбейді. 

– Банги қаласының жергілікті тұрғындары нәсілге немесе ұлтқа бөлінбейді. Керісінше, сырттан келген адамға қызығушылық танытады. Мұндағы италиялықтар, француздар, қытайлар бәрі де қала тұрғыны болып саналады, – дейді ол. 

Африканың кішкентай тұрғындары

КОРОНАВИРУС САЛҚЫНЫ

Жыл басынан бері дүниежүзін дүрбелеңге салған коронавирус індеті Айман тұратын ОАР-ды да  айналып өтпеген.  

– Қазір әлемде індет өршіп тұр. Қазақ елінің басына түскен ауыртпалыққа жүрегім ауырды. Коронавирустан қайтыс болған адамдардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Әлемді жайлап жатқан пандемия бұл жақты да айналып өтпеді. Бірақ бұл елге пандемия кеш жетті. Қазір вирустан өлгендер саны 50 адам. Жұқтырғандар 4000-ның шамасы. Карантин қарапайым халыққа онша әсер етпеді. Барлық адам өз шаруасымен көшеде жүр. Мектептер әзірге жабық. Алдағы аптада тек емтихан тапсыратын сыныптар оқытылады. Алайда дайындық шараларын байқамадым. Күнделікті өмір сүретін адамдар болғандықтан карантин шараларын қатаңдата қоймады. Әркім өз тіршілігін қамдап жүр, – дейді Айман. 

Ол Қазақстанды, туған-туыстарын сағынғанын, бірақ пандемия салдарынан елге жете алмай отырғандарын айтты. 

 – Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, жергілікті адамдардың өз салт-дәстүрі мен өмір сүру дағдылары бар. Біздің өмір сүру дағдымызға ұқсамайды. Елге барып туған-туысты көріп, арқа-жарқа болғанға не жетсін. Балалар да ауылды сағынып қалды. Әлемде өршіп тұрған пандемияның салдарынан әуе жолдары тоқтап тұрғандықтан, әзірше сағынышымызды басып, шыдап жүрміз, – деді Айман әңгіме соңында. 

 

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: африка қазақ отбасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір