24 Шілде, 2020 Саясат

Аймағамбетовты 60 мың адам қолдады, қорғаныс, ішкі істер министрлері 200 дауыс жинай алмады (сауалнама нәтижесі)

Фото: qamshy.kz

Қамшы порталы жариялаған "Үкімет таратылса, қай шенеуніктің қызметінде қалғанын қолдайсыз?" сауалнамасының қорытындысы шықты.

Сауалнамаға бір жарым тәулік ішінде 75 148 қолданушы қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дауыс бергендердің 78,5 пайызын жинап, рейтингте бірінші орын алды. Оған 58 994 дауыс берілді.

2-орынға 5,4 пайызбен (4059 дауыс) индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, 3-орынға 3,1 пайызбен (2344) еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жайғасты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушы Бағдат Мусин 2,9 пайызбен (2157) 4-орын алса, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2,2 пайызбен (1659) бестікті қорытындылады.

Минислер кабинетін басқарып отырған Асқар Мамин 0,5 пайыз (343) жинаса, бес шенді – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сауалнама қатысушыларының 0.2 пайыз дауысын алды.

Айта кетерлігі, сауалнамаға қатысты Қамшы редакциясына түрлі қоңыраулар түсті. Артынша сайтқа хакерлік шабуыл жасалып, портал жұмысын істен шығаруға әрекет жасалды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты қолдап, редакцияның телефонына қоңырау шалғандар, whatsapp номеріне жазғандар көп болды.

Аймағамбетовтың сауалнама басталғаннан көш бастап, дауысты тұрақты түрде жинағанын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар кей министрлерге дауыс берушілер саны кенеттен артқаны байқалды.

Бұған дейін президент Тоқаев 10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирусқа қатысты ахуал жақсармаса, министрлер кабинетінің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайтынын айтып, үкіметтің отставкаға кетуі ықтимал екенін меңзеген.

20 шілдеде Асқар Жұмағалиев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылғанда әлеуметтік желіде үкімет құрамын өзгерту басталғаны туралы әңгіме шықты.

Кейбір сарапшылар министрлер біртіндеп ауыстырылуы мүмкін екенін айтқан.

а

♦ Оқи отырыңыз: "Кеткені дұрыс". Үкіметтің отставкасы туралы тұрғындар не дейді?

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір