• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:04:13
Алматы
+35°

Алматыда COVID-19 ауыр жағдайда өтіп жатқан науқастар саны 30 пайызға азайды. Бүгін онлайн-брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров бүгінгі таңда жансақтау және қарқынды терапия бөліміндегі науқастарға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанынан Анестезиология және реаниматология мобильді орталығы құрылды, онда жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің науқастарына кеңес беріледі. Аталған орталықта білікті мамандардан тұратын реаниматологтар тобы қызмет етеді.

«Тәулік бойғы режимде реаниматологтардың мобильді бригадалары пациенттерге телемедицина арқылы оқиға орнында кеңес беруді жүзеге асырады. Науқас туралы барлық мәліметтер орталықтың реаниматолог дәрігерлерден, кафедралды қызметкерлерден, соның ішінде зейнеттегі дәрігерлерден құралған білікті мамандары бар сараптау бөліміне беріледі», — деп түсіндіріп өтті Камалжан Надыров.

Аталған орталықтың жұмысының арқасында ауыр жағдайдағы науқастар санатына қатысты оң өзгеріс байқалған, жағдайлары жақсаруы есебінен олардың (ауыр жағдайдағы науқастар) саны 30 пайызға төмендеген.

Бұдан бөлек, үйде емделіп жатқан науқастар үшін амбулаторлық деңгейде виртуалды инфекциялық аурухана ұйымдастырылған.

Барлығы амбулаторлық деңгейде 2435 науқас мониторингтік бақылауға алынған. 72 мобильді бригада қызмет етуде. Осы іске жұмылдырылған мамандар саны 409 дәрігерді құрайды.

«Бұл мамандардың міндеті науқастардың үйлеріне барып қызмет көрсету. Ол үшін олар қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Инфекциялық қауіпсіздікке арналған арнайы тренингтерден өткен. Сонымен бірге олар ПТР талдамаларын алады және қажет болған жағдайда ем тағайындап, тиісті дәрі-дәрімекпен қамту арқылы үйде стационар ұйымдастырады», — деп қосты ол өз сөзіне.

Тәуекел (қауіпті) тобына енген науқастарға бақылауды күшейту үшін Алматы қаласының әкімдігі мен С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті бірлесіп Науқастарды мониторингтеу орталығын іске қосты.

Мониторинг орталығы тәуекел топтағы амбулаторлы науқастарға тәулік бойы бақылау жүргізуге арналған.

«Бүгінде аталған орталықтың емханалық қызмет және жедел медициналық көмек қызметімен өзара байланыс жасау алгоритмі қаралуда. Мұндай әдіс асқынулар санын азайтып, амбулаторлық деңгейде тиімді еммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті К.Надыров.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір