23 Шілде, 2020 NEWS

Бақытжан Сағынтаев – Алматыда күзгі-қысқы маусымда сұраныс өскен жағдайда төсек-орын қоры артады

Ашық дереккөз

Алматыда күзгі-қысқы маусымда сұраныс өскен жағдайда төсек-орын қоры артатын болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.

Бүгінгі күні қалада COVID-19-дың 9851 оқиғасы тіркелген. Тәулік ішінде 216 жаңа оқиға анықталған. Қазіргі кезде 5796 адам сауығып шықты, ал тәулік ішінде сауыққандары – 129 пациент. Коронавирус індетінен 73 адам (сараптамадан өткендер) қайтыс болды.

«ТЖ жарияланған кезде бізде жалпы сыйымдылығы 500 төсек-орындық екі стационар ғана жұмыс істеп тұрды. Бүгінгі күні төсек-орындардың саны 6096-ға жетті», — деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол алдағы 1,5-2 ай ішінде COVID-19-бен ауырғандар үшін стационарлардағы төсек-орындардың 7700-ге дейін артатынын атап өтті.

Айта кетерлігі, төсек-орындық қорды ұлғайту және науқастарды емдеу орындарына жеткізуді эшелондау барысында ковидті стационарлардың жүктемесі 90 пайыздан 48 пайызға төмендеді. Әкім айтып өткендей, ауыр науқастардың санын азайтуға барлық күш жұмылдырылды әрі бұл оң нәтижесін берді.

Алдағы күндері жаңа ковидтік стационарлар іске қосылатын болады, бұлар денсаулық сақтау нысандарының базасында ашылады және санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен алдын ала өтеді. Қаланың тиісті қызметтері қазіргі кезде шипажайларда қосымша төсек-орындар дайындауда, яғни «Қазақстанда» 250 төсек-орын, «Көктемде» 376 төсек-орын, «Самал» пансионатында 140 төсек-орын, «Астана» қонақ үйінде 230 төсек-орын, ҚазАТК жатақханасыда 360 төсек-орын, ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальде 100 төсек-орын, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 500 төсек-орын болады. Бұл жаңа стационарлар тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңмен іске қосылады.

Айта кетерлігі, әкімдік ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше назар аударуда. Барлық әйел-ананың бүгінгідей пандемия кезеңінде қауіпсіз жағдайда босануы, босанғанға дейін және босанғаннан кейін де тұрақты күтім алуы маңызды. Қалада босанатын әйелдер үшін №4 перзентханада 45 төсек-орын жабдықталған. Жақын арада осы перзентхананың 60 төсек-орынға арналған жаңа корпусы іске қосылады. Сонда мұндағы жалпы орын саны 105-ке жетеді.

Пациенттерді шұғыл орналастыратын уақытша стационарларға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қысқа мерзімде жаңа стационарлар ашылады, және қажетті құралдармен жабдықталатын болады. Жаңадан іске қосылатын нысандар іштері қайта жоспарланады, шлюздер орнатылып,бокстар оқшауланады. Барлық деңгейдегі медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру үшін денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізіледі.

Күзгі-қысқы маусым маусымның алдында қосымша төсек-орындар қажет болса барлық шаралар уақтылы әрі пәрменді түрде жүргізілетін болады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір