• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:50:26
Алматы
+35°

Эколог, қоғам белсендісі Арман Хайруллин желідегі парақшасында Атырау облысының аса күрделі экологиялық жағдайға душар болып отырғанына жазып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады.

– Бүгінгі күні Атырау облысы күрделі экологиялық жағдайға душар болып отыр! Әр таң сайын атыраулықтар ұйқысынан мұнай өнімдерінің улы ащы иісінен басы ауырып, жүрегі айнып оянады. Тұрғындар арасында созылмалы дерттің асқынуы алаңдатпай қоймайтын өзекті мәселеге айналды. Облыстың кен орындарында көмірсутектерді өндіру, тазалау, өңдеу және тасымалдау процесі әсерінен атмосфералық ауа, жер асты және теңіз сулары, топырақ пен өсімдік, жан-жануар зардап шегіп, адамдардың денсаулығы нашарлауда, – деді Арман Хайруллин.
 
Оның айтуынша 90-шы жылдардың басынан бүгінге дейін жер қойнауынан өнім өндіруші компаниялар қоршаған ортаға 4 млн тоннадан астам зиянды заттарды тастаған.
 
– Атмосфералық бассейнге тасталатын мұнайдың әрбір тоннасы 3,8-ден 5,3 кг-ға дейін шығарындыларды құрайды. 2020 жылдың өзінде қоршаған ортаға 200 мың тоннадан астам зиянды заттар (күкіртсутек, меркаптандар, азот және күкірт қосылыстары) тарайды деп күтілуде. Ал 90-шы жылдардың басынан бүгінге дейін жер қойнауынан өнім өндіруші компаниялар қоршаған ортаға 4 млн тоннадан астам зиянды заттарды тастаған. Осы уыттар топырақ пен суға таралып, ауаны ластап, адамдар мен жануарлардың ағзасына кері әсерін тигізеді.
 
Таяу жылдары ТШО мен NCOC компанияларының Теңіз және Қашаған кен орындарында көмірсутек шикізатын өндіру қарқыны жылына 60 және 39 млн тоннаға дейін артады деп жоспарлануда. Тұрғындардың ағзасы физикалық және психологиялық тұрғыдан үлкен техногендік жүктемелерге төтеп бере алмайды. Академик М. Диаровтың зерттеулері бойынша 2001-2014 жылдар аралығында облыс халқының науқастану көрсеткіші 50-64 пайызды көрсеткен. Жаңа қорлар толығымен игерілсе аурушаңдық көрсеткіші 3 есеге дейін артады .
 
Егер үкімет біздің табиғи ресурстарымызды экожүйеге назар аудармай без-берекет пайдалануды жалғастыра берсе, нақты табиғатты қорғау бағдарламалары мен тұжырымдамаларын бекітпесе жақын арада аймақта дені сау адам қалмайды!, – деп жазды қоғам белсендісі.
 
 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір