30 Шілде, 2020 Алматы облысы

Қайырымдылық эстафетасы: Аядай ауылдың үлкен көмегі

Фото автордікі

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған дана халқымызда ұлтым деп туған атымтай жомарттар жетерлік. Оған дәлел, елімізде орын алған төтенше жағдайда қиналған жандарға қол ұшын созған Алматы облысы Көксу ауданы Ақтекше ауылының  пейілі дарқан жандары.

Ұлтын ұлықтап, салтын ардақтаған кішкентай ғана ауылдың үлкен жетістігі – халқының бірлігі. Елімізде төтенше жағдай орын алған сәтте-ақ Ақтекше ауылындағы тұрғындар жұдырықтай жұмылды. 1970 жылы ауылда туған жандардың мұрындық болуымен  қайырымдылық эстафетасы басталды. Яғни, әр жылғы ауыл азаматтары өздерінің кезегі келген кезде қаржылай ақша жинап, әлеуметтік жағынан төмен отбасылар мен жетім-жесір, ауру-сырқауларға, тосыннан жәрдемге зәру болып қалғандарға көмек қолын созады. Жуырда қайырлы іс қылудан 1982 жылы туған жандардың кезегі келді. «Жомарттық – жанның байлығы» – деп жақсылық жасауға жарыса ұмтылатын олар елімізде COVID-19 індеті өршіп тұрғандықтан Көксу аудандық ауруханасына оттегі концентратын алып беруді жөн санайды. Әрине, індет өршіп тұрған заманда құрылғыны сатып алу оңай емес. Сондықтан олар «Шұғыла» қоғамдық қоры арқылы аппаратты Қытайдың Гуанчжоу қаласынан алдыртады. Сөйтіп, жаны мейірімге толы еріктілер ауруханаға оттегі концентратын тарту етіп, басын қатерге тігіп, күні-түні жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге алғысын білдірді.

Шара барысында Ақтекше ауылының тумасы Айнагүл Құттыбекова:

 – Жасанды тыныс алу аппаратын Гуанжоу қаласына жеткізіп берген «Шұғыла» қоғамдық қорына алғысымызды білдіреміз. Біздің мақсат – бір адамға болса да көмектесу. Дана халқымыздың: «Бірлік бар жерде тірлік бар», – деген керемет тәмсілі бүгінгі күнге арналғандай. Осы бір сын сағатта бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Барлық қалталы жандар қолынан келгенше көмектессе, бұл індетті де еңсереміз. Әлемді жайлаған індет өңірімізде одан әрі өршімеу үшін медицина қызметкерлері қиын жағдайда жұмыс істеуде. Тіпті, өздері де ауырып жатыр. Біз де қолда барымызды аямай, көмектесейік. Қайтарымсыз қайырымдылық жасаудан қол үзбейік, – деді.

Осыдан кейін аталмыш ауыл перзенті Болат Керімбеков: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» акциясы шеңберінде меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың қолдауының арқасында еліміздің барлық аймақтарында отбасыға, оның ішінде жалғызбасты қарттарға, ерекше қажеттілігі бар және т.б. азаматтарға көмек көрсетілуде. Мәселен, Ақын Қабан жырау атындағы мектептің әр жылғы түлектері ауылымыздың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созды. Олар азық-түлікпен, мал-мүліктен, қаржылай көмектесуде. Осындай сауапты істі қолдаушы ауыл азаматтарына рызашылығымды білдіргім келеді», – деп әлі де қолдан келген көмектерін аянып қалмайтындығын айтып, жұртшылықты жұдырықтай жұмылып игі іс жасауға шақырды.

Жиын барысында аудандық ауруха директорының орынбасары Зылиха Қаңлыбайқызы елдің ертеңі үшін алаңдап,  құрал-жабдықтарды ауруханаға жеткізіп берген еріктілерге  алғысын білдірді.

– Жанашыр жандар науқастарға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бұл аппараттар мұндағы науқастарға үлкен көмек болды. Сол үшін осындай игі іс жасаған азаматтарға алғысымызды айтамыз, – деді ол.

Қайырымсыз қайырымдылық жасап, біріккен ауыл азаматтарының бұл ісі көпке үлгі. Ұлтым деген ұл-қыздардың ауырған науқастарға демеу болғаны, елінің жанашыры болғаны ерлікпен пара-пар. Мейірімді жанның барлығы қосыла бір мезетте жұмылып күрессе, бұл індеттен де арылатынымыз анық.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Ілмек сөздер: Алматы облысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір