04 Тамыз, 2020 NEWS
Фото Жанболат Мамайдың facebook парақшасынан
Ақордаға кірмек болған белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастарын полиция ұстап алып кетті.
Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай пандемия кезінде халықтың тұрмысы төмендеп, әлеуметтік жағдайы нашарлағанын айтып, осыдан бірнеше ай бұрын бірреттік несие амнистиясын өткізу бастамасын көтерген. Бастаманы ел бойынша 100 мыңға жуық адам қолдаған.
Қоғам белсендісі 4 тамыз сағат 11:00-де Ақордаға 100 мың адамның арызын тапсыруға баратынын бірнеше күн бұрын хабарлаған. Мамай мен оның жақтастары кеше Нұр-Сұлтан қаласына келген.
Бүгін Ақорда алдына жиналған қоғам белсенділерін полиция қызметкерлері карантин болғандықтан Ақордаға кіргізбейтінін мәлім етіп, құжаттарын тапсырып, өздеріне тарауын сұрады.
Жанболат Мамай құжатты жеке өзі Ақордаға кіріп тапсыратынын, тарамайтынын айтқан соң полиция оларды қарсылық танытты деп ұстап, көлікке салып алып кетті.
Жанболат Мамай он жылдан астам уақыттан бері билікті өткір сынап келе жатқан белсенді. Жаңаөзен оқиғасынан кейін "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен тұтқындалған. Артынша "шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату" бабы бойынша босап шыққан.
Белсенді кейін де билікті сынауын тоқтатқан емес. Үнемі билікке қарсы митингілерге шығып, режимнің ауысуын талап етіп жүр.
2019 жылдың күзінде Демократиялық партия құратынын мәлімдеген. Партияның құрылтайын өткізгелі жатқанында жақтастары тұтқындалып, құрылтай орнына билікке қарсы бейбіт митинг өткізген.
P.S. Қазақстандағы митингілердің басым көпшілігі осындай сценарий бойынша өтеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен митингі туралы жаңа заң қабылданғанына қарамастан, ойын бейбіт түрде білдіруге шыққан азаматтарды ұстау, қамау әлі тоқтаған жоқ. Сондықтан Қамшы порталы санаулы сағаттан кейін болатын оқиғаның осылай өрбитінін болжап отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір