• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 23:46:20
Алматы
+12°

Қазақстанда 10 тамызда алғаш рет Абай күні атап өтілуде. Қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және ағартушысының 175 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тақырыптық залдың тұсаукесері өтті.

Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай – Рухани реформатор» атты мақаласында: «Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!» – деп атап өтті.

Ұлы ақынның мерейтойын мерекелеу аясында ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында жаңа тақырыптық зал ашылды, онда Абай Құнанбаевқа арналған арнайы экспозициялар, сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығын ашып көрсететін сурет галереясы орналасқан. Орталық суретте ақын дала мен таулар аясында ақ киімде бейнеленген, бұл оның жаны мен ойының тазалығын бейнелеп, Абайдың ұлылығын және оның туған жерімен ажырамас байланысын көрсетеді.

«Зал 80 орынға арналған және заманауи аудио-видео жабдықтармен жабдықталған, мұнда студенттер үшін дәрістер, кездесулер, конференциялар және басқа да ғылыми шаралар өткізуге болады. Сонымен қатар, бұл жерде Абай шығармаларының, оның ішінде сирек кездесетін басылымдардың тұрақты көрмесі бар. Сондай-ақ, Абай және оның шығармалары туралы аудио-видео материалдардың толық жинағы келтірілген», - деп атап өтті тұсаукесер барысында кітапхана директоры Калима Төлеубаева.

Сондай-ақ, шарада ұлы ақынның Халықаралық Абай клубы мен ҚазҰУ бірлесіп басып шығарған шығармаларының толық жинағы ұсынылды. Осы шығарылым туралы белгілі қазақ жазушысы, драматург және баспагер Роллан Сейсенбаев әңгімеледі. Ол он томдық басылымға орыс, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылған туындылар кіргенін атап өтті. Жинақтың «Абай туралы сөз» атты жеке томы толығымен Абай туралы әдебиеттанушылар, ақындар, жазушылар және әлемге әйгілі ғалымдардың тұжырымдарына арналған.

«Биыл әлем екі айтулы күнді – ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және майталман ақын Абайдың 175 жылдығын атап өтуде. Қазақтың дархан жері адамзатқа өзінен тысқары жерлерде рухани және шығармашылық мұрасымен танымал болған ұлы перзенттерін сыйлады. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Әл-Фараби орталығы ашылған болатын, ал бүгін – Абай атындағы зал ашылуда. Осының арқасында олар бізге, жас ұрпаққа жақындай түсті, бұл біздің рухани жаңғыруымызға деген сенімімізді күшейте түспек», - деді Роллан Сейсенбаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің санамызды, көкжиегімізді кеңейтіп, рухани дамуымыз үшін Абайға арналған іс-шараларды өткізу аса маңызды. Оның мұрасы қазақ халқының болмысы мен ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрі мен рухын айқын көрсетеді. Оның кемелділікке, ой және адам жанының тазалығына ұмтылу туралы идеялары әрбір қазақстандық үшін маңызды бағдарға айналуы керек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір