• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қараша, 09:09:00
Алматы
+12°

Соңы мыңдаған азаматтың наразылығына ұласқан Белорусьтегі президент сайлауы қорытындысын Германия, Ұлыбритания және АҚШ секілді кейбір батыс елдері сынап жатыр. Ал бірқатар елдің басшылары Александр Лукашенконы алтыншы мерзімге сайлануымен құттықтап үлгерді. Солардың қатарында Қазақстан президенті де бар. "Еуропаның соңғы диктаторы" аталып кеткен Лукашенконы Қ.Тоқаевтың алғашқылардың бірі болып құттықтағаны қоғамда әртүрлі қабылданды. Қамшы тілшісі саясаттанушылардан Тоқаевтың құттықтауы туралы не ойлайтынын сұрап көрді.

Досым Сатпаев, саясаттанушы: Президент мемлекет атынан сөйлей алғанымен, халық атынан сөйлегені дұрыс емес

Лукашенконы жеңісімен негізінен бірінші болып автократиялық елдер құттықтады. Ең алғаш Қытай басшысы Си Цзиньпин қоңырау шалды. Артынша, Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан секілді қатаң саяси бақылауды ұстанатын, оппозицияға қысым көрсететін елдер қосылды. Әлбетте, белгілі бір дипломатиялық этикет деген де бар. Бірақ өзін либерализацияның жақтасы, демократиялық реформаны жасаушы ретінде көрсетіп жүрген Тоқаевтың Лукашенконы алғашқылардың бірі болып құттықтағаны асығыстық болды.

Мен Лукашенко жеңісті ұрлап алды деп есептеймін. Тоқаев Лукашенко белорусь халқы үшін легитимді президент болмаса да, заңды президент атанғанда ғана құттықтағаны жөн болар еді. Сондай-ақ Тоқаев өз атынан ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың атынан құттықтауы көптеген келеңсіз сұрақ тудырады. Өйткені қазақстандықтардың барлығы бірдей Лукашенконы жеңісімен құттықтағысы келмеуі мүмкін. Мен тіпті ондайлар өте көп дер едім. Былтыр Тоқаевта да легитимділік жағынан көп қиындық болғанын ұмытпаған жөн. Оны президенті ретінде санамайтын азаматтар да болуы мүмкін. Сондықтан құттықтау формасының өзі дұрыс құрылмаған. Президент мемлекет атынан сөйлей алғанымен, халық атынан сөйлегені дұрыс емес. Қазіргі таңда Белорусьтегі оқиға Қазақстандағы былтырғы сайлауды еске түсіріп тұр. Азаматтар дауысты ұрлауды, белгілі бір саясаткерге қолдан дауыс жинап беруді өн бойынан өткізгендіктен, саяси әділетсіздікті жақсы түсінеді. Осы жағынан алғанда құттықтау мазмұнында да қате жіберілген.

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы: Қазақстан Беларустағы сайлауды сынға алса, нағыз нонсенс сол болар еді.

Демократиялық сайлаудың әлемде екі түрлі стандарты қалыптасты. Жалпы сайлауалды науқан, кандидаттарды тіркеу, оларға тең мүмкіндік беру, сайлау комиссиясының құрамы, дауыстардың саналуы процестері демократиялық сайлаудың аса маңызды компоненті саналады, мұнымен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер, соның ішінде Қазақстан да, Беларусь та келіскен. Бірақ іс жүзінде Беларусь та, Қазақстан да бұл стандарттарды сақтамай отыр. Сондықтан, біздегі сайлауларды Батыс елдері жиі сынайды. Дегенмен бұл биліктің легитимидігін мойындамай қоюға негіз бола алмайды. Сайып келгенде, әділ де ашық сайлау өткізу әр елдің өз ішкі мәселесі болып қалады. Екі елдегі саяси еркіндік шамалас болғандықтан, Тоқаевтың Лукашенконы құттықтауы – қисынға сай құбылыс. Қазақстанда былтыр өткен президент сайлауына да халықаралық қоғамдастықтың айтар сыны көп болды. Қазақстан Беларустағы сайлауды сынға алса, нағыз нонсенс сол болар еді.

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы: Қазақстан президентінің Александр Лукашенконы құттықтағанында тұрған ештеңе жоқ

Александр Лукашенконы президент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған президенттер тізіміне қарасақ, Белорусьпен ортақ интеграциялық ұйымдарға мүше болып отырған мемлекеттердің басшыларын көреміз. Мәселен, ТМД, ЕАЭО, ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт аясындағы барлық мемлекеттер құттықтаған. Сол қатарда сауда-экономикалық қарым-қатынасы дамыған, түрлі салалардағы әріптестігі жақсы жолға қойылған, достыққа құрылған байланыстары тығыз Қазақстан президентінің сайлау нәтижесі бойынша Александр Лукашенконы құттықтағанында тұрған ештеңе жоқ. Бұны әріптес мемлекеттердің бір-біріне көрсеткен қолдауының бір түрі деп қарастыруға болады.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір