13 Тамыз, 2020 Экономика
Көрнекі сурет
4 тамызда қоғам белсендісі Жанболат Мамай Ақордаға несие амнистиясын қолдаған 100 мыңға тарта адамның қолын өткізгеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары кредитті кешіруді қолдайтындар және қолдамайтындар болып бөлінген. 5 тамызда Қамшы порталы оқырман ойын білу мақсатында "Қазақстанда кредитті кешіруді қолдайсыз ба?" сауалнамасын іске қосқан. Бүгін соның қорытындысы шықты.
Сауалнамада "Қазақстанда кредитті кешіруді қолдайсыз ба?" деген бір ғана сұрақ болды. Оған барлығы 197 мың 672 қолданушы қатысқан.
Оның ішінде 193 мың 887 адам (98,1%) "Иә, қолдаймын. Бүгінгідей қиын-қыстау кезде кредитті кешіру азаматтарға үлкен көмек болар еді" деген жауап нұсқасын таңдаса, 3785 адам (1,9%) "Жоқ, қолдамаймын. Салық төлеушілердің есебінен әлдекімнің несиесін жабуға қарсымын" деген нұсқаны белгілеген.
Оқырман таудауы осылай болды.
Ал несие амнистиясы жасала ма, жоқ па ол жағы белгісіз.
Бастаманы көтеріп жүрген белсенді Жанболат Мамай 100 мыңға тарта адамның қолын тапсырғаннан кейін биліктің жауабын бір ай тосатынын айтқан.
Белсендінің бұл бастамасын қарапайым азаматтардың басым көпшілігі қолдап жатқанымен, экономистер мен саясаттанушылар мұндай қадамды құптай бермейді.
Экономист Мақсат Халық кредитті кешіру нарықтық экономика заңдылығына қайшы екенін айтып, "кредит кешірілсін деу – қисынға келмейтін талап" деп атап өтті. Оның сөзінше, әр азамат несие алғанда, оны өтеуді де жауапкершілігіне алатындықтан, қарызды алу бар жерде, қайтару да бар.
Саясаттанушы Расул Жұмалы кредитті кешіруді талап ету – популизмге жақын түсінік екенін жеткізсе, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза кредит аларда ешкімді мәжбүрлемейтіндіктен, қарыз алған адам берешегін қайтаруы керек екенін, кредитті кешіруге қарсы екенін айтты.
Халыққа адал қызмет партиясын құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиева кредитті кешіру азаматтардың болашағына, ел экономикасына кері әсер етеді деген пікірде. Ол Мамайдың талабын "әлеуметтік-саяси популизм" деп санайды.
"ДАТ" оппозициялық басылымының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи "азаматтардың кредитін кешіру талабы – ешқандай да популизм емес" дегенді айтты. Ол мұны дағдарыс жағдайында әл-әуқаты төмен әлеуметтік топтың жағдайын шешуге арналған әрекет екенін, кредитті кешіру билік пен бұқараны жақындата түсетінін жеткізді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір