• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 17:28:19
Алматы
+8°

Беларусь президенті Александр Лукашенко ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында Ресей Беларуське әскер кіргізуі мүмкін екенін меңзеген. Лукашенко айтқан ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан да мүше. Сондай-ақ таяуда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо "Қазақстан мен Қытай әскері аймақтағы түрлі-түсті революцияға қарсы бірге күреседі" деп мәлімдеген. Бұдан "халық көтерілсе, Қазақстанға шетелден әскер кіргізіле ме" деген заңды сауал туады. Мәселені әскери сарапшы, журналист Амангелді Құрметұлы Қамшы тілшісімен болған шағын сұхбатта түсіндіріп берді.

Амангелді Құрметұлы

– Александр Лукашенко Беларусь қауіпсіздігіне қатер төнсе, Ресей бірінші болып көмекке келетінін айтты. Сіздіңше, Мәскеу Минскіге әскер кіргізе ме?

– Ресей билігінде дұрыс, салиқалы ойлайтын азаматтар әлі қалған болса, онда Ресей Беларусьқа әскер кіргізбейді. Өйткені наразылықтың масштабы локалдық деңгейден асып кетті. Үлкен көлемді болып бара жатыр. Сондықтан Украинадан кейін тағы бір бауырлас ұлттың іргесінде отырып, өздеріне ренжіп кеткенін меніңше, Ресей қаламайтын шығар.

– Ресей алда-жалда Беларуське әскер кіргізуді шешсе, халықаралық құжаттар, батыстық санкция оған тұсау бола ала ма?

– Тұсау бола алмайды. Халықаралық құжаттарды орыс үкіметінің таптап өте шығатынын 2014 жылдан бері білеміз. Олар Украинаға кепіл боламыз деген құжатты былайша айтқанда "қоқысқа лақтырып жіберді". Батыс, АҚШ тек санкциямен ғана шектеледі. Осы жолы санкция өте ауыр болады. Оның салқыны бізге де тиеді. Алайда Сирияда, Либияда АҚШ пен Ресей жанжалы күшейе түсуі ықтимал. Ал НАТО мен Ресей ашық майданға бармайды. Бірақ Ресей мұндай авантюраға (Беларуське әскер кіргізуге – ред) тәуекел етпейді деп ойлаймын. Өйткені қазір Ресейдің жағдайы онсыз да қиын болып тұр.

– Онда Лукашенконың мәлімдемесін қалай түсіндіресіз?

– Бұл мәлімдемені қоғамды бопсалау деп бағалау керек. Ел ішінде қандайда бір толқу болса, ол халықтың қалауымен болатын нәрсе. Ал ереуілдерді, митингтерді дәл әскер кіргізетіндей қауіпті шара деп бағалаудың қажеті жоқ. Оның үстіне ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы келісім-шарттарының баптарында "сыртқы агрессия" болған жағдайда әскер кіргізу мүмкіндігі айтылады. Егер Лукашенко ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдеріне әскер кіргізу туралы өтініш айтатын болса, онда осы ұйымның хатшылығына, ұйымға мүше елдерге ереуілшілердің сыртқы агрессор екенін дәлелдеуі керек. Ал ереуілшілер агрессор болатындай қару қолданды ма, үлкен қалаларды басып алды ма, халықты қырып салды ма? Олай емес қой. Осындай элементтер болмаған соң сырттан көмек шақыру, шақырам деп елді қорқыту – алысты болжай алмайтын саясаткердің қадамы.

– Демек Қазақстанда ереуіл бола қалса, ҰҚШҰ аясында елге сырттан, айталық Ресейден әскер кіргізуге негіз жоқ па?

 Солай. Жаңа айтып кеткенімдей, аталған ұйымға мүше елдер ұйымдағы қандайда бір мемлекетке сырттан қатер төнген жағдайда ғана әскери тұрғыда қолдау көрсете алады. Ал митингтер, наразылық акциялары тағы қайталаймын сыртқы агрессия емес. Сондықтан азаматтар алаңға шығып жатса, сол үшін сырттан әскер кіргізу шарасын қолданатындай аталған ұйым аясында келісім жоқ.

– Қазақстан билігі "ереуілге шетелдік күштердің қатысы бар" деп, оны "сыртқы агрессия" ретінде көрсетуі мүмкін бе?

– Өз басым мемлекеттік билік мейлі ол кімнің қолында болсын мұндайға бармайды деп есептеймін. Егер баратын болса, онда біз тәуелсіздіктен айырыламыз. Кез келген билік тәуелсіздікті сақтап қалуға мүдделі. Егер билік мұндай қадамға барса, мұның арты орасан зор қантөгіске соқтырады.

– Ал Қытай елшісінің "Қазақстан мен Қытай түрлі-түсті революцияға қарсы бірге күреседі" дегенін қалай түсіндіресіз?

– Бұл – елшінің Қазақстан халқын қорқытып-үркіткен түрі. Мұндай мәлімдемелер біздің күштік құрылымдарға деген халықтың сенімін шайқай түсу үшін, біздің күштік құрылымдар тәртіпсіздіктің алдын ала алмайды дегендей оларды әлсіз етіп көрсету, халық пен күштік құрылымдардың арасын ажырата, арандата түсу үшін жасалады. Қытай елшісі ел арасына фобия себу арқылы Қытайды қамқор, қорғаушы ел етіп көрсету бағытында жұмыс істейтіні байқалып тұр. Қытайдың Қазақстандағы елшісі кейде АҚШ-ты сынап-мінеп, орысша мәлімдеме жасап жатады. Оны сөзсіз Америка оқымайды. Яғни ол бізге бағытталып отыр. Оның мақсаты – "әне, біз Америкаға айбат шегіп отырмыз" дегендей Қытай империясының қуатты екенін қайта-қайта халыққа тұспалдап жеткізу.

– Мұндай тұспалдың Қазақстан үшін зардабы бар ма?

– Мұндай тұспал Қытайға деген қорқынышты үдете түседі. Соның салдарынан бүгін біз тірі қытайды көрмесек те қорқатын деңгейге жеттік. Фобия тереңдей беретін болса, ертең қандайда бір дау-дамай туындай қалса, фобия сіңген адам шегініс жасайды.

– Синофобиядан қалай арылуға болады?

– Ол үшін алдымен Қытаймен тең сөйлескен кездеріміз көп насихатталуы керек. Оспан батырдың әрекеттері, Шүршіт қырылған оқиғасы, 90 жылдары біздің дипломаттардың Қытаймен тең сөйлесіп, жерді алып қалғаны, шекараны бекіткені секілді елдік позицияны бермеген тұстар, Қытайдың ұтылып қалғанын жерлері көбірек айтылуы керек. Фобияны жеңбесек, 50 жылдан кейін соның қақпанына түсіп қалуымыз мүмкін. Санадағы фобия табандылықты жоятын мінезді қалыптастырады.

Қазақстан қажет жағдайда темір жолды, құбырларды жауап тастау арқылы Қытай экономикасына зиян тигізе алатынын неғұрлым терең айтатын болса, Қытаймен соғұрлым тең дәрежеде сөйлесетін болады. Қытай Ертісті жабамыз десе, біз Алтайдан Қытайға ағатын өзендерді бұрып аламыз деуіміз керек. Ақпараттық соғыста осындай қадамдар халықтың рухын көтереді.

– Қытай елшісінің мәлімдемелеріне Қазақстан сыртқы істер министрлігі неге жауап қатпады?

– Біздің дипломаттар тәп-тәуір-ақ жұмыс істейтін еді, бірақ осы елшіге келгенде тым салғырт. Сыртқы істер министрлігі қайта-қайта нота жібергеннен гөрі, сырттай бақылауда ұстап отыр ма деген де оптимистік ойлар бар. Қоғамның өзі қытай елшісінің айтқанын жапатармағай таратып, шулап кетті.. Солайша ақпараттық қақпанға түсіп қалды. Ал елшінің неге сүйеніп айтып отырғанын билік те, қоғам да түсіндіріп, оған қарсы аргумент ұсына алмады.

– Қытай елшісінің мәлімдемесіне байланысты Қамшы порталы қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдағанына 10 күннен асты. Бірақ әлі жауап жоқ. Осындай даулы мәселеде құзырлы орган неге үнсіз?

– Қорғаныс министрлігі осындай саяси астары бар дүниелерге араласпауды қалайды. Олар салалық сұрақтарға ғана жауап беруі мүмкін. Мына жерде сыртқы істер министрлігінің мәлімдеме жасайтын орны. Ал олар үнсіз.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір