Оның сөзінше, Айсұлтанның қазасы есірткіге әуестігімен байланысты болуы мүмкін. Өйткені оның денсаулығы жақсы болғанымен, есірткі қолданғаннан кейін ауыр депрессияға түсетін.
– Ол дем жетпейтінін айтатын. Кардиологтар жүрек талмасының белгілерін анықтайтын шығар. Оның денсаулығындағы кінәрәт есірткімен байланысты болды. Бірақ Айс менің үйімде тұрғанда есірткіге мүлдем жоламайтын. Соңғы рет ол менің үйімде былтыр көктемде ме, әлде жаз басында ма тұрды. Менікіне келгенде ол есірткі қолданғаннан кейінгі депрессияның ауыр түрінде еді. Дұрыс сөйлей алмайтын. Арада апта өткен соң ғана есін жиған, – деді Мұсаев.
ҰҚК экс-төрағасының сөзінше, Айсұлтан басындағы проблемаларға айналасындағылардың бәрін кінәлайтын.
Генерал сондай-ақ Лондонда оның соңынан аңдығанын, алайда өлтірілгені туралы қолында дерек болмағандықтан, дөп басып айта алмайтынын жеткізді.
Мұсаев Айсұлтан Лондонда қағаз жүзінде қазіргі KAZ Minerals, бұрынғы Қазақмыс корпорациясында менеджер ретінде істегенін, алайда оны ол жаққа кіргізбейтінін хабарлады.
• Айсұлтан Рахаттың соңғы жазбасы
– Ол жұмысқа барғысы келетінін, бірақ оны кіргізбейтінін маған талай айтқан. Мұндай нұсқауды Назарбаев берген болуы мүмкін. Оның үстіне Владимир Ким де Айсұлтанды жақтырмайтын. Назарбаевқа үнемі жамандап жүретін. Айсұлтан Лондонда негізінен есірткі мен жеңіл жүрісті қыздарға әуес болды, – деді ол.
Мұсаев Айсұлтан қаңтарда даулы мәлімдемелерін есірткінің буымен жасағанын, артынан есін жиғанда сол әрекеті үшін қатты өкінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл әрекет Айсұлтанды психологиялық тұрғыда "жеп қойған". Кейінгі жазғандарын қаңтардағы ақымақтығын жуып-шаю үшін жариялаған.
Экс-төраға facebook-те жариялаған ДНК тест нәтижесі жалған болғанын, оны Айсұлтанды Назарбаевтың өш алуынан қорғау әрі Дариға Назарбаеваны ақтап, қолдау үшін жасағанын жеткізді.
– Енді ол жоқ кезде шындықты айтуға болады. Шын мәнінде ол Рахаттың биологиялық ұлы емес. Бар білетінім осы, – деді ол.
Пікір қалдыру
пікір