• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:07:54
Алматы
+35°

Елім деп еміренген "Баракат" еріктілер тобының атқарған жұмысы ұшан теңіз. 1 ұл мен 16 қыз баладан құрылған топ сәуір айынан бері қаламыздағы 300 отбасыға көмек көрсеткен. Олар көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен аналарға көмектеседі.

Белсенді жастардың басын қосып, жақсылық жасауға асығып жүретін 26 жасар кәсіпкер Әсем Нұртуғанның жүрегі мейірімге толы. Ол осы уақытқа дейін де қайырымдылықпен айналысқан. Алайда пандемия кезіндегі жағдайға қатты алаңдап, жалғыздың шаңы шықпасын түсінген соң әлеуметтік желіні тиімді пайдаланып, белсенді жетісулық жастарды өз тобына жинайды. Алғашында жақсылық жасауға асыққан жастардың қатары көбейгенімен уақыт өте келе ол тізім азайған. Бірақ қаражатпен көмек көрсетуге ниеттес жандар қатарының артқандығы топ мүшелеріне қуаныш сыйлайды. Еріктілердің бұл ісіне шетелдегі достары да бей-жай қарамай ай сайын тұрақты түрде қаражат аударып отыратындығы бәрімізді қуантты. Бұл біздің "Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін" деп сын сағатта біріккен бірлігімізді айқындап бергендей. Сәуір айынан бері еңбектеніп келе жатқан еріктілер күн-түн демей көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Көмек сұрап хабарласқан отбасының жағдайымен танысып, қажетті азық-түлік жеткізіп, балаларға қуаныш сыйлап жүрген жандар барлық құрметке лайықты.

– Карантин енгізілгенде жұмыссыз қалған азаматтарға барынша көмектесуге тырыстық. Шынымен жағдайы жоқ көп отбасына қуаныш сыйлағымыз келді. Біз мақсатымызға жеттік.

Алғашында 25-30 мыңға күніне 10 шақты отбасына азық-түлік алып баратынбыз. Уақыт өткен сайын көмек сұрайтындар қатары артты. Қайнаған жұмыстың көкесі басталды. Түрлі тағдыр иелерімен кездестік. Адамның үміті ешқашанда үзілмейтініне осы жұмыста жүріп көзім жетті. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға барғанда балалардың қуанғанын көргенде өзіміздің көңіліміз босап кетеді. Оларға қуаныш сыйлаған сайын біз жігерлене түстік. Таяуда ғана ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты анаға көмек көрсеттік. Мемлекеттен алатын 32 мың теңге жәрдемақыға пәтер жалдап, қызы екеуі күн көріп отыр екен. Құлағы естімегендіктен жұмысқа шығуға да мүмкіндігі болмаған анаға есту аппаратын сыйладық. Қызының "мама" деген сөзін естігенде анасы мен қызы құшақтасып жылап, бәріміздің жүрегімізді елжіретті. 6 жасар қызын өзі бағып-қағып отырған жалғызбасты әкенің шаңырағына барғанымызда бір тілім нан таппай отырғанын көріп жүрегіміз ауырды. Мұндай ауыр көріністің талайын көрдік. Қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Біздің мақсат – елге жақсылық жасап, балаларды қуанту. Қазағымның әр баласы күліп, әкесі мұңаймай, анасының жанары жасқа толмай өмір сүрсе деймін. Осы мақсатта болашақта еліміздің әр өңірінен "Баракат" еріктілер тобын жасақтап, үлкен жұмыстар атқарсақ деген жоспарымыз бар, – дейді кәсіпкер Әсем.

Қазіргі таңда "Баракат" еріктілерден құралған топты білмейтіндер кемде-кем. Шамасы келген әрбір адам қайырымдылық жасап, елге пайдам тисін деп ойлайды. Оның нәтижесі де жаман емес. Облыс ауруханаларына қажетті медициналық құрал-жабдықтар алу үшін Әсемнің шотына мейірімді халықтан 2 күнде 1 миллион қаражат жиналған. Түскен қаржыны талай жасқа үлгі болып, азаматтығымен дараланған кәсіпкер Дәурен Тәліповтің бастамасымен "Шұғыла" қорына өткізеді. Қазіргі таңда халықтан жиналған қаражатқа алынған аппарат аурухана төсегінде жатқан әр науқастың еміне шипа болып, отбасына аман-есен оралуына септігін тигізуде.

 Айдар ҚАЛИЕВ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір