• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 07:15:20
Алматы
+35°

Кәсіпкерді қақпанына түсірмек болған екі полицейдің масқарасы шықты. Бұл туралы КТК хабарлады.

Тәртіп сақшылары алдын ала ақылдасып маскүнем арқылы "рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың" деп дүкен сатушысына айыппұл арқалатпақ болған. Алайда айласын жүзеге асырай алмаған полицейлердің басы дауға қалды.

Қулық жасап тұрған жерінен бейнебақылау камерасына түсіп қалған полиция қызметкерлерін енді Ішкі істер министрлігі іздестіріп жатыр.

– Осындайдың керегі не?! Арамзалық, масқара ғой! Егер менде камера болмаса,  айыппұл салып кететін еді. Сотта да оны дәлелдей алмайсың. Бұлар сөйтеді де, хаттама толтырып, маған айыппұл салып кететін еді. Біздің не жазығымыз бар? Бала-шағамызды асырап отырмыз, – дейді дүкен қызметкері.

Таспада көрініп тұрғандай, автотұраққа тоқтаған көліктердің бірінен қолында сөмкесі бар қаңғыбас еркек түседі. Содан дүкенге кіріп арақ сұрайды. Алайда әлі таңғы уақыт болғандықтан, сатушы оған арақ сатпайды. Біраз тұрған соң, маскүнем далаға шығып кетеді. Осы уақытта қаңғыбас түскен көліктен екі полицей де шығады. Бірі тоқтап, қаңғыбаспен сөйлесіп тұрады. Ал екіншісі айналып барып, бірден дүкенге кіреді. Артынша қалған екеуі кіреді.

Кәсіпкердің айтуынша, бірінші кірген полицей бірден "рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың" деп, дүкен иесін қыспаққа ала бастапты. Сөмкесінде жатқан арақты көрсетіп, маскүнем де сақшының сөзін растайды. Алайда дүкен ішінде де камера орнатқан кәсіпкер өзінің арақ сатпағанын көрсетіп құтылады.

Айласы аспай қалғанына көзі жеткен екеуі маскүнемді ертіп, қайтадан бір көлікке мініп кетеді. Бұл жағдай үш күн бұрын болған екен. Кәсіпкерді қақпанға түсірмек болып масқарасы шыққан қызметкерлерінің кім екенін Ішкі істер министрлігіндегілер анықтап жатыр. 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Полицей Қазақстан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір