• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:03:48
Алматы
+35°

Фото: Азық-түлік табыстау кезінде түсірілген

Талдықорғандағы орталық иман мешітінде тұрмысында қиыншылығы бар 200 отбасына түрлі азық-түлік табыс етілді. Қайырымдылық  шарасын әйгілі атымтай жомарт  құрмет орденінің иегері, батыр ана Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының ұрпақтары ұйымдастырған.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы 2 наурызда дүниеге келген батыр ана өз кіндігінен тараған он балаға қосып, жүздеген жеткіншекті бауырына басып, өсіріп жетілдірген. Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының есімі Арыс оқиғасы кезінде жасаған қайырымдылығымен көпке мәлім болды. Тірісінде әлеуметтік жағдайы төмен 67 отбасыға үй әперіп, қажылық жасағысы келетін 80 адамның жол шығынын өзі көтерген ел анасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын ұйымдастыратын республикалық Құран жарысына қатысушылар мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлық үлестіріп, Құран жаттауға құмартқан жас ұрпақтың қызығушылығын оятқаны белгілі. Ел басына күн туған қиын күндерде алғашқылардың қатарында көмек қолын созудан танбаған Жамал Әбдімәлікқызы Қызылағаш ауылы пен Мақтаарал аудандарындағы су тасқыны кезінде халықтың қасынан табылып, демеу болды.

Өткен айдың 1 күні келместің кемесіне мініп, бақиға аттанған марқұмның қырқына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық деңгейде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, облыс орталықтарында 300-ден, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 500-ден, барлығы 6300 отбасыға азық-түлік тарату ісін қолға алуда. Аталған шараға Бибі-Жамал апаның ұрпақтары демеушілік жасап отыр. Осыған орай Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінде қаладағы 200 отбасына азық-түлік себетін таратып, көпшіліктің қуанышын еселеді. Қазіргідей карантин шараларына байланысты мешіт ауласында өткізілген шарада сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаев қайырымдылық шарасының себебін түсіндіріп өтті.

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Мүміндер өзара сүйіспеншілікте, рақымдылықта және жанашырлықта бір денеге ұқсайды. Оның бір ағзасы ауырғанда, дененің қалған бөліктері де ұйқысыздық пен дене қызуына түсіп қосарланады», – деген хадисі бар емес пе?! Жамал апа дәл сондай жан еді, – деген Ардақ Нүсіпханұлы марқұмның жасаған жақсылығын таныстырып өтті. – Жұртымызда келеңсіздік пен апатты жағдай орын алса үйінде қол қусырып қарап отыра алмайтын. Кейде апатты аймаққа балаларына ескертпей шығып кететін. Солардың қатарында Жамал апа Арыс қаласындағы жарылыстан, Қызылағаш пен Мақтаралдағы су тасқынынан, Жамбыл облысындағы табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы уақытта әлеуметтік көмегін арқалап апарып, отандастардың жанына табылды. Қатты зардап шеккендерге баспана салып беруге атсалысып, қаржылай көмегін үлестіріп қайтатын. Сондай-ақ, апамыз еліміздегі 5 мешітті тұрғызып, көптеген мешіттің құрылысына қосымша қолғабыс тигізді. Шалғайдағы 6 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылуын қаржыландырып, сол ауылдардағы ондаған көшенің салынып, абаттануына қамқорлық жасады. Тіпті, үйленуге жағдайы келмей жүрген жастардың бас қосуына жәрдемдесіп, құдалығы мен тойын жасап бергені, тұрмысқа қажетті заттарын әпергені шындық. Бүгінгі күні Жамал апаның ақ батасымен шаңырақ көтерген 63 отбасы асыл ананың қамқорлығын ризашылықпен еске алады. Одан бөлек, балалар үйіне, медресе мен мектептерге, ауруханаларға, науқастар мен мүгедектерге, мұқтаж жандарға қолынан келген көмегін аямаған батыр ананың рухына бағышталған сауапты іске Жаратқан Алла разы болсын!

Бибі-Жамал ананың ұрпақтары еліміздің әр облысынан 6300 жанұяға азық-түлік таратып, жоқ-жітік адамдарға көмек көрсетуді  қолға алған.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: азық-түлік

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір