11 Қыркүйек, 2020 Барлық аймақтар

“Бізде қарсылас жоқ”. Желтоқсаншылар партия құрмақ

Фото: qamshy.kz

11 қыркүйек күні Алматы қаласында желтоқсаншылар партия құратынын мәлімдеп, құрылтай өткізді. Олардың айтуынша, пандемияға байланысты қолдаушылары түгел келе алмаған.

– Бұл партия егемендік алғанға дейін құрылған. Алғаш 1994 жылы "Алаш желтоқсан" ұлттық партиясы деп Әділет министрлігіне барғанымызда, "ұлттық" деген дүниені алып тастаңыздар деді. Біз оған келіспедік. Кейін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық атауына көңіл бөле бастады.

Біздің желтоқсаншылар – Алаш бабаларымыздың аманатын орындаушылар, қазақ елінің көк байрағын көтергендер. Бүгінгі күнде ұрпағымызға желтоқсанның тарихын жеткізу үшін "Алаш желтоқсан" ұлттық партиясын құрмақпыз.
Бізде қарсылас жоқ. Өйткені Желтоқсанның өзінің “қазағым, ұрпағым, тілім” деген идеясы бар. Қазір құрылып жатқан партиялардың көп болғанын қалаймыз,  – дейді бастамашыл топтың жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс.

Бастамашыл топтың мүшелері барлық қалада филиалы бар екенін, партияны тіркеуге міндетті 20 мың мүшені жинай алатынын айтты.

Бастамашыл топ заңгері Айболат Жұмабай партияны тіркеуге заң бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

– Биылғы жылы біздің саяси партия туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бізге бұл қолайлы болып тұр. Бұрын бірқатар проблема болды. Оның бірі – 40 мың адамнығ қолының талап етілуі. Оны қазір екі есе азайтты.
1 қыркүйекте президентіміз саяси партияларды құруды шынайы қолдайтынын айтты. Оның өзі бізге көп мүмкіндік беріп отыр.

Біздікі позициялы партия емес. Біздің мақсат – егемендігімізді нығайту, халықтың мүддесін қорғау, – деді заңгер.

Заңгердің айтуынша, партия құрғалы жатқан желтоқсаншылардың арызын Әділет министрлігі мақұлдап, съездге әзірленуге рұқсат еткен.

Жиында бастамашыл топ мүшелеріне куәлік табысталды.

Бастамашыл топ мүшелеріне куәлік беру сәті


– Жаңа саяси партия құру жайлы ынталы топтардың әрекеті, өкінішке қарай, билік тарапынан заңды-заңсыз шектеулердің негізінде мүмкін болмай жатыр. Қазақстанда қазірде алдымызда келе жатқан саяси науқан мәслихат және мәжіліс сайлауы алдында партия тіркеуге, құруға, партия шараларын жүргізуге уақыт шектеулі. Бірақ бұл болашағы бар іс, – деді ЖСДП партиясының Алматыдағы төрағасы Тазабек Сәмбетбай.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір