13 Қыркүйек, 2020 NEWS
Фото: qamshy.kz
Бүгін қоғам белсендісі Жанболат Мамай және оның жақтастары Алматы қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов алаңында ескертілген митинг өткізді. Митингте белсенділер өздерінің талаптарын айтып, билікке үндеу айтты. "Қамшы" тілшісі бірнеше қоғам белсендісінің пікірін назарларыңызға ұсынады.
Митингке шыққан қоғам белсендісі Қайрат Ердебаев қазіргі билікті сынап, "Кетсін шал!" деп ұрандатты.
– Ауылдан әкім сайлайтын болсақ, біз оның тегіне, иманына, адалдығына, адами қасиеттеріне қарап сайлауымыз қажет. Ауыл әкімі сайланғаннан кейін, олар бірігіп бар жауапкершілікті мойнына алып, өздері бас қосып аудан әкімін сайлауы қажет. Ал, аудан әкімдері бас қосып, облыс әкімін сайлайды. Бұл билікті түбегейлі өзгертіп, тамырымен қопарып, көзін жоюдың жолы ғана.
Қазақта "Кет дегенде ит те кетеді" дейді. Нұр Отанмен қоса "Кетсін шал!". Кетпейтін болса 16-шы желтоқсаннан бастап бәріміз, шеруге шығамыз. Біз 16-шы желтоқсанға дейін Тоқаевқа да, Шалға да (Нұрсұлтан Назарбаевқа) уақыт берейік, – деп айтты Ердебаев.
Қытай экспансиясына, жер мәселесіне қатысты белсенді Рысбек Тоқтасын былай деп пікір білдірді.
– Назарбаев билігі "ауылдың болашағы жоқ" деп ауылды құртты. Ауылдан халық безіп, қалаға кетті. Бос жатқан жерді тиімді игеруіміз керек. Тоқаев мырза: "Ауыл шаруашылық жерін тиімді пайдалануымз керек, шетелдің инвестициясын тартуымыз керек" деп айтып отыр. "Жер шетелдіктерге сатылмайды" дейді. Мәселе сатылуда емес. Егер де Қытай 25 жылға біздің жерімізді жалға алатын болса оны кейін қайтарып алу мүмкін емес. Біздің жерімізге Қытай көз салып отыр. Себебі Назарбаев президент болып тұрған тұста Қытайға барып келген сапарында осы мәселені көтеріп келді. 1 млн гектар жерді қытайлықтарға жалға беруге келіскен. Содан бастап халық көтеріліп, 5 жылға мораторий жарияланған еді. Енді ол мораторийдің бітуіне 1-ақ жыл уақыт қалды. Бірақ әлі күнге дейін заңдағы бапқа өзгеріс енгізілген жоқ, – деді белсенді.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан митингке арнайы келген желтоқсаншы Сағидолла Мергенбаев жер, несие мәселесіне байланысты былай деп айтты.
– Жер – халықтың қазынасы, иесі – халық. Жерге иелік етуге биліктің ешқандай құқы жоқ. Билік келеді, кетеді. Ал, халық қалады. Жерден айырылсақ біз бәрінен айырыламыз. Жер – біздің тұғырымыз. Тұғыры жоқ халық – халық емес, өшкен халық. Сондықтан да атадан қалған аманатқа ие болайық. Екінші несие мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл от болып жанып тұрған, әр отбасының басында бар мәселе. Халықта жағдай болмаған соң несиені алуға мәжбүр. 30 жылдан бері халыққа зауыт, фабрикалар салып беріп, өндіріс орындарының ошақтарын халықтың қолына берсе, біздің халық мұндай жағдайға душар болмас еді. "Несие кешірілсін" деген құр желден алынған жағдай емес. Несиені кешіру, не кешірмеу биліктің қолында тұр. Тек оларда мұны жасауға құлық жоқ, – деп атап өтті Сағидолла Мергенбаев.
Оқи отырыңыз: "Кредит кешірілсін". Алматы қаласындағы митинг (фоторепортаж)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір