Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев өз еркімен отставкаға кеткенін мәлімдеді. Ол бұл туралы facebook-тегі парақшасында жазды.

"Құрметті Текелі тұрғындары!

Мен Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі – Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады.

2016-жылдың қараша айынан бастап өздеріңіздің қолдауларыңызбен осы уақытқа дейін азды-көпті қызмет атқардым. "Жер Жәнәтті Жетісудың" жауһары болған – Текелі қаласында әкім болып қызмет еткенімді үлкен мәртебе санаймын. Сіздермен бірге қоян-қолтық Текелінің өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдан келгенше үлес қостық. Әрине, әлі күнге дейін көптеген мәселелердің түйіні шешілмегені мені де мазалайды. Бір қуантатын жәй – Текелі қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болған – су мәселесі жартылай шешілді, енді жалғасын таппақ. Екіншісі – экологиялық мәселе, яғни, қорғасын-мырыш зауытының қала ортасындағы жатқан өндірістік қалдығының рекультивациясы жобасы басталды, жылдың соңына дейін аяқталу қажет" деп жазған Бақтияр Өнербаев өзіне көрсеткендерге алғыс айтып, Текелі қаласы ең дамыған, туристік қаланың біріне айналатынына сенім білдірді.

Бақтияр Өнербаев өзінің қоластындағы қызметкер  әкім аппаратының басшысы Бақадүр Норқұловқа 2020 жылғы 6 тамызында Текелі қалалық сотының үкімі шығып, 15 млн теңге айыппұл салынғаннан кейін 27 тамызда отставкаға кетуге өтініш жазған.

Бақадүр Норқұлов "Мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінен 3,7 мың доллар қаржы пара алды деп айыпталған. Ол пара алу сәтінде қашпақ болып, ағысы қатты өзенге секіріп, өмірін қатерге тіккен.

Артынша, шенеунік кінәсін мойындап, процесуалды келісімге келген.

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір