• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:18:36
Алматы
+35°

Жақында елордада қос театрға жаңа директор тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының басшылығына Ернар Жұматаев келсе, жаңадан ашылғалы жатқан Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрына Асхат Маемиров директор атанды. Алайда соңғысы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ресми түрде қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Пандемия жағдайында бюджет есебінен бір қалада бағыты мазмұндас екі театрды ұстау қаншалықты қажет? Қамшы тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен мәселеге қатысты жауап алуға тырысты.

Қала әкімдігі жаңа театрды ашуға елордалық ата-аналардың балаларға арналған театр ашу туралы ұсынысы мұрындық болғанын мәлімдеді. Мәдениет ошағында өнерге қабілетті жас дарынды мектеп оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар өз шығармашылығын шыңдайтын көрінеді.

Әкімдік жауабында бұл мақсатқа бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмайтыны хабарланған.

"Елордада қала бюджетінен шығын шығарылып жаңа театр ашылған жоқ. Бұл – басы ашық нәрсе. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қараған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшуіне және республикалық бюджет арқылы қаржыландырылуына байланысты ҚР мәдениет және спорт министрлігінің басқаруына беріледі. Ал Қ.Қуанышбаев театрының босаған бұрынғы ғимаратында – бюджеттен ешқандай шығын шығарылмай елордалық жас ұрпақтың бойына рухани-эстетикалық құндылықтарды дарыту үшін музыкалық жас көрермендер ұжымы жұмысын жалғастырады", – делінген әкімдік тарапынан берілген жауапта.

Қ.Қуанышбаев театры 1 қазаннан бастап жаңа ғимаратқа көшетінін мекеменің жаңа директоры Ернар Жұматаев растады.

– Бұл театр – астананың ыстығына да, суығына да көнген театр. Мұнда келгеніме 2 күн ғана болды. Қай жерге барсам да қазақ өнеріне қызмет етемін ғой. Менің қазіргі басты миссиям – ұжымды аман-есен жаңа ғимаратқа көшіру, – деді ол

Енді ашылатын балалар мен жасөспірімдер театрына қыркүйек айының 29-30-ы күндері кастинг арқылы актерлер іріктелмек. Кейін біртіндеп әкімшіліктен бастап, театрдағы өзге де бөлімдер анықталады.

Асхат Маемиров іссапарда жүр деген оның жеке көмекшісі Әділғазы Кереев елдегі эпидемиологиялық  ахуалға байланысты жаңа театрдың ресми ашылуы қашан болатыны әзірге белгісіз екенін хабарлады.

Театр басшыларын тағайындау туралы ресми қаулы әлі шықпаған. Қамшы тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасына хабарласып, мәселеге байланысты түсінік беруін сұрағанында тұтқаның арғы жағындағы қызметкер "ешқандай артық ақпарат бере алмаймыз" деп жауап берді.

Гүлім Жарасқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір