• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Наурыз, 18:02:14
Алматы
+35°
Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары қазақ халқы мен тілін қорлаған Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Александрович Божко "кешірім сұраумен құтылып кетпей, заң жүзінде жауапқа тартылуға тиіс" деп жазып жатыр.
 
Кирилл Божко Inter вата youtube арнасына берген сұхбатта айтқан ұлтараздықты қоздыратын сөздері үшін кешірім сұрап, өкініш білдірген. Алайда желіде кей қолданушылар азаматты Қазақстан қылмыстық кодексінің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру) бойынша жауапқа тартуды талап етуде.

Заңгер Руслан Түсіпбеков "ол өзінің ұлтшыл екенін мойындады. Енді ол міндетті түрде 174-бап бойынша жауапқа тартылуға тиіс" деп санайды. Оның айтуынша, кешірім сұрау қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.

"Бізге оған (Кирилл Божкоға) айыпты жаза тағайындап, түрмеге қамайтын ашық, адал сот керек. Оның мәлімдемелері 174-бапқа сұранып тұр. Олай болмаған жағдайда, бұл – халық бетіне түкіргенмен тең. Бқған дейін кешірім сұрағандардың талайын көрдік. Мұндай кешірім сұрағандарға ешкім сенбейді. Сондықтан міндетті түрде сот болуға тиіс" дейді заңгер.

Құқықтанушы "сотта Қазақстан халық ассамблеясы мен Қазақстандағы диаспора өкілдері кейіпкердің айтқандарына баға беруі керектігін" атап өтті.

Мұқтарбек Айт есімді заңгер де "БОЖКО КИРИЛЛ АЛЕКСАНДРОВИЧТІҢ іс-әрекетінде, яғни видео жазба арқылы жариялаған сөзінде қылмыс құрамы бар деп санаймын" деп жазды.
 
Оның пікірінше, Божко сөздерінде тағы бір бап бойынша қылмыстық құрам бар.
 
"Аталған жазбада ҚР ҚК 174-бабында көзделгеннен басқа, ҚР ҚК-інің 131-інші бабында көрсетілген қылмыс құрамы да бар деп болжауға толықтай негіз бар, яғни ҚОРЛАУ әрекеті, басқа адамдардың абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсіту орын алған. ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 32-інші бабының талаптары бойынша ҚР ҚК-нің 174-інші бабының белгілері бар іс-әрекет жариялы айыптау iстерiне жатады. Бұндай iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым берген-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады. ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 34-інші бабының талаптары бойынша, қылмыстық қудалау органы қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерiн тапқан жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi адамдарды әшкерелеу, оларды жазалау үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi" деп заңда қалай екенін түсіндірді заңгер.
 
Белгілі әнші Қанат Айтбаев аталған азаматты соттамаса "мемлекеттің көк тиындық беделі қалмайды, дәл осыны жауапқа тартпаса, мемлекеттің не қадыр, қасиеті қалады? ҚР ҚК 174 статьясы бар. Қолдансын құзырлы органдар. Әйтпесе ертең мұндайлар бетімен кетуі мүмкін" деп пікір білдірді.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір