• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 05:34:20
Алматы
+35°

Алматыдағы Достық үйінде «дөңгелек үстел» өтіп, оның барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс- қимыл кезеңі» Жолдауы талқыланды.

«Дөңгелек үстелдің» жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы іс жүзінде пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанды дамытудың жаңа әлеуметтік-экономикалық кезеңі екенін атап өтті. Алдағы барлық жаңа өзгерістер мемлекет жұмысының тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталатын болады.

Қырымбек Көшербаев қазіргі күрделі жағдайда зиялы қауым өкілдерінің дағдарыс көріністерін жеңуде, халықтың жаңа ұқсастығын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Ең алдымен ұлы Абайдың теңдессіз мұраларын жаңадан ой елегінен өткізу, зиялы қауымның бүгінгі уақыттың талабына сай ұлттың жаңа рухани құндылықтарын, қоғамның өскелең қағидалары мен қасиетін қалыптастырудағы миссиясын терең сезіне білген жөн.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнын байытып, оны іске асыруға тың серпін беру қажет.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Президент Жолдауына сәйкес мегаполисті дамытудың таяу арадағы басты бағыттарын атап өтті. Мұнда денсаулық саласын модернизациялауға және пандемиямен күреске, барлық саланы, оның ішінде білім беру жүйесін кеңінен цифрландыруға жете назар аударылатын болады.

«Қала оқушыларына қашықтан білім берудің жалпықалалық „Сфера“ платформасы құрылды. Жаңа цифрлық білім контенті әзірленді, оқытушылар тиісті даярлықтан өтті. Барлық балалар, оның ішінде аз қамтылған отбасылардың балалары үшін қажетті көлемде ноутбуктер мен планшеттер сатып алынды», — деп хабарлады Б. Сағынтаев.

Жастардың бойында инновацияның ашықтығын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Цифрландырудың 2025 жылға дейінгі қолданбалы стратегиясы әзірленді, қаланың АТ-кеңесі құрылды. Студенттер мен оқушылардың АТ-дарын пулы жасақталды.

Бұлардан өзге, Жолдаудың міндеттеріне сәйкес қала балаларын спортпен, мәдениетпен және мектептен тыс қосымша білім берумен кеңінен қамту үшін барлық жағдайлар жасалатын болады.

Қала әкімі өскелең ұрпақтың бойында дұрыс рухани құндылықтарды қалыптастыруда және оларды тәрбиелеуде шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу барысында ұлттың рухани жаңғыруы туралы мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері Оразалы Сәбден, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Мұрат Жұрынов, Рахман Алшанов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Досанов, Кенжехан Мәкежанов және басқалары өздерінің ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір