• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 14:46:50
Алматы
+35°

Фото: Қайырымдылық шарасы кезінде түсірілген

«Жақсы адам»: ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ ҚАЙЫРЫН ӨЗІҢ КӨРЕСЕК

Індет жағадан алғанда қол қусырып отырған азаматтар аз болмады. Ел, жұрт бірігіп, «тәж» вирусымен күресуге жұмылды. Көпшілік қолда барын ортаға салып, адамзаттың амандығын тіледі. Жасыратыны жоқ, індет талай жаны жайсаң жандарды ортамыздан алып кетті. Осынау қиын кезде дәрі-дәрмек тапшылығы, медициналық құрал-жабдықтың жетіспеушілігі байқалды. Бірақ елім, жерім деген азаматтардың ұйымдастыруымен халық қаржы жинап, орын алған кемшіліктер жойылды.

Ел басына күн туған шақта «Мен не істей аламын?» деп қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей көмек беруге ынталанған жандар көп болды. Мәселен, бүгінгідей сын сағатта жанашырлық танытып, көпке көмегін көрсетіп, қайырымды азаматтардың басын қосқан кәсіпкер Дәурен Тәліповтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Жақсы адам

«Алтын Жүрек» сыйлығының иегері қайырымдылық жасауда алдына жан салмайды. Ол бұл сыйлыққа да мейірімділігі мен адамгершілік қасиеті арқылы көпке көмектесе жүріп қол жеткізді. Жақсылық жасап, жалпыға жанашырлық танытып жүрген бауырмал азамат «Егер нан сатып алуға мүмкіндігіңіз жоқ болса, тегін алыңыз» деп қала тұрғындарына тегін нан таратты. Карантин кезінде санитарлық бекеттегі қызметкерлерді тегін тамақтандырды. Одан бөлек, кәсіпкердің демеушілігімен атқарылып жатқан іс те аз емес. Ол қазіргі таңда облыстың 125 медицина қызметкерін түскі аспен тегін қамтамасыз етуді қолға алған. Кәсіпкер қауымдастығы өкілдерінің халыққа үндеу жариялап, індетпен барша қазақстандықты бірлесе күресуге шақырғаны белгілі. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз болатын. Осылай басталған игі істің нәтижесінде қазақстандықтардан 10 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. «Көп түкірсе көл» дегендей, халықтан түскен қаражат қаншама адамның өмірін аман алып қалуға септігін тигізді. – Бұғанам қатпай жатып, бизнеске араласа бастадым. Әкем мен үлкен ағамнан көп дүние үйрендім. Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды азаматтық парызым деп санаймын. Сауапты іс атқарып, елдің батасын алуға деген құлшынысым күн өткен сайын артып келеді. Қазір біздің қоғамның тек мейірімге шөлдеп тұрғанын ұмытпайық. Бұл қайырымдылық шарасы басталғалы бері жомарт жүректі азаматтар оған атсалысудан шаршаған емес. Кәсіпкер қауымдастығынан 70, ал ұжымымнан 50 азамат игі істің басы-қасында жүр. Мынадай ауыр індет тараған кезде жайбарақат отырған адамды көрмедім. «Қолымнан ештеңе келмейді» деген адамның өзі біз ашқан қорға ақша аударды. Мәселе қаражаттың аз, көптігінде емес. Ең бастысы, халықтың ниеті мен пейілі. Осы бетімізден таймасақ, көңілімізді кір шалмаса біз бұл дертті жеңіп, бұрынғы жайма-шуақ күнімізге қайта ораламыз. Бірақ осы жолда шаршамай, талмай еңбек етуіміз керек. Ауруханаға түсіп, жағдайды өз көзіммен көргенде қатты таңғалдым. Ақ халатты жандар дамыл таппай, әр науқасқа көңіл бөлуде. Өмір мен өлім арасында жан алып, жан берісіп күрескен алтын қол дәрігерлердің ерлігіне бас иемін. Медициналық құралжабдықтар жетіспегендіктен қайғылы оқиғалардың орын алуы артты. Бірден осы олқылықтың орнын толтыру керектігін түсіндім. Мән-жайды халыққа түсіндіріп, қаражат жинау мақсатымен қор аштық. Тез арада іске кіріспесек науқастарды құтқарып қала алмайтынымызды түсіндім. Бар болғаны үш аптаның ішінде 10 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. Оған өкпені жасанды желдететін 79 аппарат алдық. Қазіргі таңда оны облыс аумағындағы барлық ауруханаға таратып бердік. «Шұғыла» қоры әр концентраторға өз штирх-кодын орнатып, өз базасына тіркеді. Концентратордың қай ауруханада тұрғаны бақылауға алынған. Сондықтан концентраторлар жеке адамның қолына берілмейді. Тек қана ауруханаға түскен науқастарға пайдаланылады. Осындай жұмыс атқаруға атсалысқан мейірімді жандарға алғыс айтамыз. Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын, – дейді мейірімді азамат. Отызда орда бұзып, қырықта қамал алу – әрбір қазақ азаматының негізгі мақсаты екенін тілге тиек еткен Дәурен Оразғалиұлы өңірдегі кәсіптің дамуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі әрі бірегейі.

 Ол кәсіп бастаған жастарға жол көрсетіп, қолдау білдіруден шаршамайды. Керісінше, оларға дамудың даңғыл жолын көрсетуге құштар. Әлем мойындайтын қазақ кәсіпкерлерінің санын арттыру – оның басты мақсаты. Азамат ретінде қоғамдағы жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалап қана қоймай адамдар арасындағы мейірімділік сезімінің сөнбеуіне біркісідей атсалысып жүрген қазақтың жігерлі ұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» мемлекеттік медалін иеленді. Елім деп еңбек еткен азаматтың еңбегі ақталды. Ең бастысы – жанашыр азаматқа халық риза.

Ер-азаматтардың өзі жүрексіне атқаратын шаруаны бұрымдылардың бұйым құрлы көрмей тындыра қоятыны бар. Бұл нәзік жандыларды ерлерден биік қойғанымыз емес. Керісінше, қазақ қызының ерге бергісіз қабілетіне, талайды тамсандырған қасиетіне қарап айтқанымыз. Оған жаны нәзік болса да үлкен істі атқарып жүрген «Баракат» еріктілер тобының атқарған жұмысы дәлел. 1 ұл мен 16 қыз баладан құрылған топ сәуір айынан бері қаламыздағы 300 отбасыға көмек көрсеткен. Олар көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен аналарға көмектеседі. Белсенді жастардың басын қосып, жақсылық жасауға асығып жүретін 26 жасар кәсіпкер Әсем Нұртуғанның жүрегі мейірімге толы. Ол осы уақытқа дейін де қайырымдылықпен айналысқан. Алайда пандемия кезіндегі жағдайға қатты алаңдап, жалғыздың шаңы шықпасын түсінген соң әлеуметтік желіні тиімді пайдаланып, белсенді жетісулық жастарды өз тобына жинайды. Алғашында жақсылық жасауға асыққан жастардың қатары көбейгенімен уақыт өте келе ол тізім азайған. Бірақ қаражатпен көмек көрсетуге ниеттес жандар қатарының артқандығы топ мүшелеріне қуаныш сыйлайды. Еріктілердің бұл ісіне шетелдегі достары да бей-жай қарамай ай сайын тұрақты түрде қаражат аударып отыратындығы бәрімізді қуантты. Бұл біздің «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деп сын сағатта біріккен бірлігімізді айқындап бергендей. Сәуір айынан бері еңбектеніп келе жатқан еріктілер күн-түн демей көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Көмек сұрап хабарласқан отбасының жағдайымен танысып, қажетті азық-түлік жеткізіп, балаларға қуаныш сыйлап жүрген жандар барлық құрметке лайықты.

 – Карантин енгізілгенде жұмыссыз қалған азаматтарға барынша көмектесуге тырыстық. Шынымен жағдайы жоқ көп отбасына қуаныш сыйлағымыз келді. Біз мақсатымызға жеттік. Алғашында 25-30 мыңға күніне 10 шақты отбасына азық-түлік алып баратынбыз. Уақыт өткен сайын көмек сұрайтындар қатары артты. Қайнаған жұмыстың көкесі басталды. Түрлі тағдыр иелерімен кездестік. Адамның үміті ешқашанда үзілмейтініне осы жұмыста жүріп көзім жетті. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға барғанда балалардың қуанғанын көргенде өзіміздің көңіліміз босап кетеді. Оларға қуаныш сыйлаған сайын біз жігерлене түстік. Таяуда ғана ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты анаға көмек көрсеттік. Мемлекеттен алатын 32 мың теңге жәрдемақыға пәтер жалдап, қызы екеуі күн көріп отыр екен. Құлағы естімегендіктен жұмысқа шығуға да мүмкіндігі болмаған анаға есту аппаратын сыйладық. Қызының «мама» деген сөзін естігенде анасы мен қызы құшақтасып жылап, бәріміздің жүрегімізді елжіретті. 6 жасар қызын өзі бағып-қағып отырған жалғызбасты әкенің шаңырағына барғанымызда бір тілім нан таппай отырғанын көріп жүрегіміз ауырды. Мұндай ауыр көріністің талайын көрдік. Қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Біздің мақсат – елге жақсылық жасап, балаларды қуанту. Қазағымның әр баласы күліп, әкесі мұңаймай, анасының жанары жасқа толмай өмір сүрсе деймін. Осы мақсатта болашақта еліміздің әр өңірінен «Баракат» еріктілер тобын жасақтап, үлкен жұмыстар атқарсақ деген жоспарымыз бар, – дейді кәсіпкер Әсем. Қазіргі таңда «Баракат» еріктілерден құралған топты білмейтіндер кемде-кем. Шамасы келген әрбір адам қайырымдылық жасап, елге пайдам тисін деп ойлайды. Оның нәтижесі де жаман емес. Облыс ауруханаларына қажетті медициналық құрал-жабдықтар алу үшін Әсемнің шотына мейірімді халықтан 2 күнде 1 миллион қаражат жиналған. Түскен қаржыны талай жасқа үлгі болып, азаматтығымен дараланған кәсіпкер Дәурен Тәліповтің бастамасымен «Шұғыла» қорына өткізеді. Қазіргі таңда халықтан жиналған қаражатқа алынған аппарат аурухана төсегінде жатқан әр науқастың еміне шипа болып, отбасына аман-есен оралуына септігін тигізуде.

Қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет екені айтпасақ та түсінікті. Осындай қайсар рухты, жігері мықты азаматтардың берекелі тірлігі бейбіт күнгі ерлікпен пара-пар. Елдің амандығы мен саулығы жолында дамылсыз еңбек етіп жүрген жандарға ата басылым атынан алғыс айтамыз.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: қайырымдылық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір