06 Қазан, 2020 NEWS
Фото: Sputnik KG
Қырғызстанның астанасы Бішкекте парламент сайлауының әділ өтпегенін айтқан наразы тұрғындардың бейбіт шеруі қақтығысқа ұласты. Наразы топ "Ақ үйді" басып алып, тергеу изоляторы мен колониядағы экс-президент Алмазбек Атамбаевты пен бұрынғы премьер-министр Сапар Исақовты және министрлер кабинетінің экс-төрағасы Жанторо Сатыбалдиевты босатты. Көрші елдегі саяси жағдайға Қазақстан азаматтары да бейжай қарар емес. Қамшы тілшісі айырқалпақты елдегі ахуалға әлеуметтік желі реакциясын ұсынды.
"Жиі ауыса бергеніне құлақ үйреніп кетті"
Журналист Жазира Бегалы facebook парақшасында "АТАМБАЕВ ҚАЙТА ПРЕЗИДЕНТ БОЛА МА?" деген жазба жариялап, өзінің Ыстықкөлде көргендерімен бөлісті.
– Қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков қашып кетті. Ұшып кетті. Ол мінген әуе кемесінің қайда қонғаны жайлы ақпарат жоқ.
Енді көрші ел тағы уақытша президентсіз қалды. Жиі ауыса бергеніне құлақ үйреніп кетті. Былтыр сол революция кезінде Ыстықкөлде болғанда Ақ үйді қирату, президентті қуып жіберу, өртеп жіберу қырғыз ағайындарға оңай екен деп ойладым, – деп жазды журналист.
Жанболат Мамай, "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер:
– Халқына оқ атпаған, билікке тас кенеше жабыспай, өз еркімен кеткен президентті елі қашан да құрмет тұтады.
Қырғыздардың ең бірінші болып Атамбаевты абақтыдан босатқаны да сондықтан!
Гүлмира Әбіқай, журналист, тележүргізуші:
– Әу заманнан қойымыз қоралас, малымыз аралас көрші елміз ғой, аман болсын Қырғыздар! Өзім Атамбаевтың бостандыққа шыққанына қуандым, ол президент болған аз уақытта көрші елде тәртіп орнап еді.
Есдәулет Қызырбекұлы, журналист:
– Қырғызстанда енді Сапар Исаков президент болатын шығар.
"Орталық Азиядағы түркінің жұрты түлейтін заманда тозғаны өкінішті"
Аятжан Ахметжанұлы, QazBilim орталығының директоры:
– Қырғыз билігінің де, демократиясының да боғы шығып кетті. Ауырлау болса да шындығы осы. Ұлт ретінде қалыптаспаған қауымға демократия апат әкеледі деген сөз бар еді. Иә, демократия қырғыз ағайынға апат әкеліп тұр. Әйтпесе, тапталып, өртеліп, қиратылып жатқан да өз қырғызының мүлкі екенін сол жұрт білуі керек-ті. Президентін қуып жібергеннен көсегесі көгермеді, керісінше әр жолы экономикалық құлдырауға түседі. Жаңа президенті ескі президентін соттайды... Иә, жұртқа күлер жайымыз жоқ шығар, бірақ, бір туған ағайын қырғыздың тозуы, кері кетуі біздің ел үшін де өкінішті. Орталық азиядағы түркінің жұрты түлейтін заманда тозғаны өкінішті. 2015 те Қырғыз елінде болғанда шын жаным ашыған еді, өзіміз үшін шүкір деп кетіп едім. Тағы кері кету...
Серғали Балажан, журналист:
– 300 мың беларусь 3 айдан бері жасай алмағанды 3 мың қырғыз 3-4 сағатта төңкеріп тастады.
Ерқанат Тұрсынжанұлы, желі белсендісі:
– Асқар Ақаев 61 жасында, Құрманбек Бакиев 61 жасында, Роза Отынбаева 61 жасында, Алмасбек Атамбаев 61 жасында президенттіктен кетіпті және кетірді. Биыл Сооранбай Жәнібеков 61 жаста. Қалай ойлайсыздар президенттен кетіре ме?
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір