• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 23:59:29
Алматы
+12°
Елбасының "Абай аманаты" атты мақаласын бір деммен оқып шықтым. Туынды Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таныған кезінен басталып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы Елбасы өміріне, оның ішінде ел басқарудағы іс-әрекетіне ақынның ғибраттары қаншалықты әсер еткенін бұрынғыдан да жақынырақ білдік деуге болады.
 
Шын мәнінде, Нұрсұлтан Әбішұлының әр игі бастамасы данышпанның өнегесіне табан тірейді. Оған Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімі Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп..." деген қағидасымен үндесуі айқын дәлел.
 
Тіпті Елбасы мақалада Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешімді қабылдамас бұрын болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматқа Абайша қарап, Абайша баға бергенін айтады. Осының өзі Абай мұрасының мәңгілік екенін дәлелдейтін дүние.
 
Нұрсұлтан Әбішұлы ғұламаның 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтудің елдік, егемендік тұрғысынан қаншалық маңызды болғанын да назардан тыс қалдырмай, сол кездегі бірқатар естеліктерге тоқталып өткен. Оқып отырып, Абайдай дара тұлғаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қажет деген қағиданың дұрыстығына одан әрі көз жеткізе түсесің.
 
Елбасы мақалада: «Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді», – дейді. Біз осы үрдісті лайықты жалғастыруымыз қажет. Яғни, Абайдың ақыл дариясы ұлтымыздың бүгінгі буыны үшін де және болашақ ұрпақ үшін де айнымас бағыт-бағдарға, өмірлік шамшыраққа айналуы керек. Бұл – кемел келешектің бірден бір кепілі.
 
Мәулен Әшімбаев,
ҚР Сенатының төрағасы
Facebook парақшасынан
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір