08 Қазан, 2020 NEWS
Фото: qamshy.kz
Алматы облысы, Есік қаласындағы шаруашылық қала және облыс тұрғындарының 70 пайызын балықпен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда балық өсіруден бөлек, арнайы ихтиолог мамандарды даярлайтын мектеп те жұмыс істейді. Балықшылар мектебімен және жалпы шаруашылықтың жұмысымен Qamshy тілшісі танысып қайтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы балық шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударуда. 2019 жылы елімізде 60 мың тоннадан астам балық өсірілген. Бірақ Экология министрлігінің мәліметінше, еліміздің балық өсіру потенциалы әлдеқайда жоғары. Сондықтан Қазақстанның бұл көрсеткішті 600 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндігі бар. Мысалы, Есік қаласындағы қожалықта жылына өндірілетін бір ғана балықтың салмағы – 250 тонна. Ал бұл қожалықта форельден бөлек, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, клариус сомы сияқты балықтың 6 түрі өсіріледі.
Балық шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – сапалы кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Иссык» форель шаруашылығы бұл проблеманы жою үшін арнайы "Балық мектебін" ашып, 30 адамды оқытып, соның ішіндегі 10 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен.
Шаруашылықтың атқарушы директоры Марлен Тұрсынәлінің айтуынша, мектепте білім алушыларға балықты қалай тамақтандыру керек, балықты аурудан сақтауға бағытталған вакцинацияның жасалу жолы қандай, бәрі көрсетіледі.
– Балық шаруашылығындағы негізгі проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Осы саладағы білгенімізбен бөлісу үшін балық мектебін аштық. Ал қазір Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, оқу орны базасында ғылыми-өндірістік орталық ашып, студенттерге теориялық білім беріп жатырмыз. Содан кейін бізде тәжірибеден өтеді де, жұмысқа орналасады. Қаласа өзі шаруашылық ашады, – дейді М.Тұрсынәлі.
Практикант болып келіп, кейін жұмысқа орналасқан Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Жансұлу Үргенішбаева қазір осы шаруашылықта ихтиапотолог маман. Ол балықтың ауруға шалдықпауына жауап береді.
- Қанша балық болса, сонша ауру бар. Сондықтан біз ай сайын дезинфекция жасап, суды тазалаймыз, – дейді жас маман.
Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің отыз алты еліне (60 млн. АҚШ долларына) 30 мың тонна балық эскпорттайды. Енді министрлік экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін алға тартып отыр. Егер осы бастамасы жүзеге асатын болса, Қазақстан 60 емес, 600 миллион АҚШ долларына экспорт жасай алады. Осы орайда шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір