• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 16:59:28
Алматы
+35°

Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев өңірдегі үш спорт мектебіне автокөлік кілтін табыстап, спортшы жастар мен жаттықтырушылар құрамын қуанышқа кенелтті.

Серікжан Қазиұлы спорт мектептерінің басшыларына көлік кілттерін салтанатты түрде табыс ете отырып, облыс басшысының ыстық сәлемін айтты. Сөз соңында спорт мектептеріне аудандық әкімшілік тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетіндігін тілге тиек етті.

– «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына екі жыл толады. Осы уақыт аралығында спорттың 13 түрі бойынша 954 бала спортпен шұғылданып, біразы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңімпаз атанып, биіктерден көрінуде. Талғарда талантты спортшылар өсіп келеді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қолымызға шағын автобустың кілтін алып отырмыз. Біздің ұжым үшін зор қуаныш. Себебі, спорт мектебі ашылғалы бері көлігіміз болмаған. Енді балалардың жарыстарға қатынауында қиындықтар туындамайды, – деді аталған спорттық мекеменің директоры Айгүл Битуова.

– Автокөлік алғанымызға өте қуаныштымыз. Балаларды жарыстарға жеткізуімізге, сондай-ақ, спорт мектебінің ішкі қажеттілігін өтеуге, велосипедке керек қосымша құрал-жабдық алу үшін де қатынас көлігі ретінде көп көмегі тиетін болады. Ауданда велоспортқа әуес 500 бала осы спорттың жандануына атсалысып келеді. Олардың арасында республика чемпиондары да бар, – деді үш жеңіл көліктің кілтін алған Андрей Кивилев атындағы велоспорттан облыстық олимпиада ізбасарларын дайындауға арналған арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сергей Третьяков. Сонымен қатар, 16 орынды «Газель» шағын автобусының кілтін алған қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайрат Нұрбаев та аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Автокөлік кілттерін салтанатты түрде табыстаған соң аудан әкімі Серікжан Ерекешев «Алмалы» спорт мектебінің жұмысымен танысты. Спорттың 13 түрінен, соның ішінде, жағажай волейбол, таэквондо, каратэ, қазақша күрес, бокстен жан аянбай жаттығып жатқан жасөспірімдердің қызу дайындықтарына ризашылығын білдірген ол кездесу барысында балалардың спорттан қол үзбеулеріне және алға қойған мақсаттарына жетулеріне ізгі ниетін білдірді. Осы тұста аудан әкімі Серікжан Қазиұлының жас шағында күреспен айналысқандығын, қазіргі кезде ара-тұра футбол ойнайтындығын да сұрап, білдік.

– Ауданымызда спорттық мектептердің базасы жылдан-жылға толығып, жаңартылуда. Спортсүйер жастарымыздың жаттығуына, жарыстарға қатысуына барлық жағдай қарастырылған. Автокөліктің алынуы да соның дәлелі. Биылғы жылға жоспар бойынша 48090.0 мың теңге қаражат бөлінді. Соның 20500 мың теңгесіне «Алмалы» БЖСМ-не «Hyindai H350» 17 орынды шағын автобусы, қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімедер мектебіне 11500 мың теңгеге 16 орынды «Газель» шағын автобусы, ал А.Кивилев атындағы велоспорт мектебіне құны 6250 мың теңгелік «Lada Vesta» және 7 орынды 2 «Lada Largus» автокөліктері 9840.0 мың теңгеге берілді, – дейді Талғар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманжол Нұрманов.

Осылайша жаңа автокөліктің кілттерін алған спорт мектептерінің басшылары мен жаттықтырушылар, жасөспірімдер қуаныштарын жасыра алмай, жеңіс туын желбіретуге уәде берді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы облысы спорт

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір